Хабар телеарнасы

«Менің үлкен қазақы отбасым» атты фильмге «Номад» каскадерлары түсіп жатыр

Комедия жанрындағы фильм «Менің үлкен қазақы отбасым» деп аталады. Бұл – Kinopark & Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінің жобасы.

Туынды Алматы мен Алматы облысының табиғаты көркем жерлерінде түсіріліп жатыр. Қоюшы режиссердің айтуынша, фильм елдегі татулық пен ауызбіршілікті, жалпы адамға тән құндылықтарды насихаттайды.

Фильмге қарапайым қазақ отбасының өмірі арқау болған. Сол жанұядағы бір ұл, үш қызы түгелдей өзге ұлттан жар таңдайды. Оқиға солардың жұптары жайында өрбиді. Түсіруші топ әзірге туындының немен аяқталатынын жариялағысы жоқ. Осылай көрерменнің қызығушылығын туғызуды мақсат етіп отыр. Фильмнің қоюшы режиссері – Ален Ниязбеков.

Ален Ниязбеков, режиссер:

- Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Біздің жерімізде түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрі мен мәдениеті тоғысқан. Біз соларды қатыстыра отырып, кәдімгі қазақ отбасыларында кездесетін мәселелерді ашып көрсетуге тырыстық. Оның ішінде ащы шындық та, күлкілі оқиғалар да кездеседі. Фильмде отандық жұлдыздардың біразы ойнайды. 

Фильмде отбасындағы кенже қыздың таңдауы қара нәсілді жігітке түседі. Ал  әкесі қызын оған бергісі жоқ. Шет елдік күйеу балаға деген Манарбек ақсақалдың қарсылығы кинода әрқилы оқиғалар арқылы өріледі.

Данлади-Бвай Даниэль, актер:

- Осы фильмде мен Лондонннан келген болашақ күйеу баланы ойнаймын. Бір отбасы бар. Оның үш қызы бар. Біреуі кәріске, біреуі орысқа шыққан. Үшіншісін әкесі қазаққа беремін деп ойлап отыр. Ал ол шетелде оқып, африкалыққа ғашық болып, елге алып келеді.

Киноны түсіруге 40 адам жұмылдырылған. Олардың ішінде каскадерлар тобы да бар. Комедия жанрындағы отбасылық фильм Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінен көрсетіледі.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев