Хабар телеарнасы

Голливудты бағындырған каскадерлеріміз «Таурус» сыйлығына ие болды

Өткен жылдың күзінде Жайдарбек Күнғожинов жетекшілік ететін Nomad Stunts тобы әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығына ие болған еді. Коронавирустың кесірінен марапаттау рәсімі онлайн форматта өткен. Араға біраз уақыт салып, қола мүсін жеңімпаздарға табыс етілді.

Бұл сыйлық қазақстандық каскадерге режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи драмасындағы трюктері үшін табысталды. «Таурус» сыйлығы әлемнің ең үздік экшн-мамандарына беріледі. «Осы марапатқа ие болсақ», – деп армандамайтын каскадер жоқ шығар.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов қола мүсінге ие болуын тынымсыз еңбектің жемісі деп біледі. Сондай-ақ бұл – ұлттық кино тарихындағы үлкен жетістік. Өткен жылдың қарашасында онлайн табысталған мүсін күні кеше Жайдарбек Күнғожиновтың қолына тиді.

Жайдарбек Күнғожинов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, каскадер:

- Бұл «Таурус» сыйлығы Қазақстанда бірінші рет алынып отыр, ал Орталық Азияда, жалпы ТМД-да екінші «Таурус». Мұны «Томирис» фильміндегі трюктер үшін алдық. «Шетелдік фильмдегі үздік қойылым» деп бағаланды. Голливудта «Оскар» актерлерге, «Таурус» каскадерлерге беріледі, бұдан жоғары жоқ. «Таурус» – ең үлкен сыйлық.

Жайдарбек Күнғожинов – кинодағы кәсіби қойылыммен әлемді бағындырған Nomad Stunts тобының құрылтайшысы. Ұжымның құрылғанына 20 жылдан асты. Әу баста тоғыз адаммен құрылған каскадерлердің саны қазір 80-ге жеткен. «Қазақ жігіттеріне деген сұраныс жоғары», – дейді ұжымның құрылтайшысы Жайдарбек Күнғожинов. Бүгінге дейін олар Болливудтың ондаған фильмінде және Голливудтың көптеген үздік туындысында каскадерлік трюктерді қойған. «Таурус» сыйлығынан кейін ұсыныс тіпті көбейген.

Жайдарбек Күнғожинов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, каскадер:

- «Таурус» алғаннан бері бізге көп фильмнен ұсыныс шығып жатыр. Мысалы, Болливудтың екі фильмі хабарласты. Голливудтың Дубайда түсірілетін бір фильмімен сөйлесіп қойдық. Қазақстанды алсақ, «Қасым ханға» дайындалып жатырмыз. «Қажымұқан», «Боксерді» бітірдік.

Ат үстіндегі қойылымдар бойынша қазір Nomad Stunts каскадерлік тобына әлемде тең келетіндер аз. Жайдарбек Күнғожиновтың мақсаты – каскадер жігіттердің санын арттырып, алдағы жобаларға тыңғылықты дайындалу.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов