Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасында «Кім мықты 2» зияткерлік сайысы көрерменге жол тартады

Сол арқылы тәжірибе алмасып, байланысты нығайту. Жас буын мен үлкендер арасында кімнің көп білетіні туралы жиі дау туып жатады. Үлкендер өз заманындағы нақты ғылымды алға тартып, білімін дәлелдеуге тырысса, оқушылар мектеп бағдарламасындағы есепті шығара алмаған ата-анасын қылжаққа айналдырып жатады. Жаңа жобада осындай тартыс шынайы көрініс табады.

Әсел Түсіпова, ата-ана:

– Балама квадраттың кубы деген сұрақ келді. Балам білмей қалатын шығар деп ойлап, уайымдап тұрдым. Ойынның шартында бала жауап бере алмай қалса, ата-анасы көмектесу керек болды. Егер балам сүрініп білмей қалса, мен көмек бере алмайтын шығармын деп уайымдап тұрдым. Жоқ, сөйтсем балам біледі екен.

Иә, сайыс барысында үлкендердің жүйкесі сынға түсетін сәт аз емес. Зияткерлік ойын 6 кезеңнен тұрады. Онда логикалық сұрақтар да, командалық білікті талап ететін тұстар да бар.

Елнұр Сембай, оқушы:

– Көбінесе логикалық сұрақтарға жауап бердім. Және математика мен қазақ тілінен сұрақтарға жауап бердім. Маған тарихтан сұрақтар қиын болды. Мүлде мен білмейтін сұрақтар келді. Бірақ соған қарамастан, біз аналарымызбен бірдей мәреге жеттік.

Пандемияның өмір сүру салтымызға өзгерістер енгізгені анық. Қашықтан оқуда ата-аналар балаларымен бірге сабақ оқып, білім берудегі жаңашылдықтармен танысты. Сондықтан «Кім мықты 2» зияткерлік сайысы екі буынның да білім көкжиегін арттырып, өсіп келе жатқан жастарға жол көрсетер темірқазық болары анық.

Нұрсұлтан Құрман, бағдарлама жүргізушісі:

– Дәл осындай форматтағы жобаның қызығырақ болары анық. Сол мектептегі өздерінің әріптестерін көре отырып, мотивация болады. Және оларға кішігірім мессендж болады деп ойлаймын. Яғни сол мектепте алып жатқан біліңмен-ақ, көтерілуге, өзіңді көрсетуге болады.

«Кім мықты?» бағдарламасының екінші маусымы сенбі күні күндізгі сағат 11:00-де «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон