Хабар телеарнасы

«Ұлы дала зары» Голливудқа жете ме?

«Шет тіліндегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша лонг-листке енгізілген туындыны тұсап тұрған бір ғана мәселе бар. Ол – қаржы тапшылығы. Фильмнің продюсері «Оскарға» үмітті ондыққа іліну үшін 30 миллион теңге қажет екенін айтады. Қазақтың қасіретті тарихына арналған туындыға қаржылай көмек көрсетуден Мәдениет министрлігі бас тартып отыр. Неліктен?

«Оскарға» әркімнің-ақ бар таласы. Киносыйлықтан биыл қазақстандық картина бірнеше үміткер болған. Асанәлі Әшімов, Сатыбалды Нарымбетов секілді қазақ киносының нар тұлғаларының таңдауы осы «Ұлы дала зарына» түсіпті. Картина «Оскар» және «Алтын глобус» секілді мәртебелі марапаттардың лонг-листіне, яғни үміткерлер тізіміне ілінді.

Ернар Мәліков, фильмнің продюсері:

– Егер фильм бір номинация алатын болса, оны дүниежүзі көреді. Ал алмаса, ол осы Қазақстанның деңгейінде ғана қалып қояды. Біздің шорт-листке ілігуіміз керек. Қысқа тізімге ілінуіміз қажет. Біз жеңіп шығуымыз керек.

«Оскар» алған фильмді әлем жұрты іздеп жүріп көретін әдеті, демек «Ұлы дала зары» жеңсе, қазақ тарихындағы қасіретті әлем біледі, естиді, көреді. «Біздің көздегеніміз де осы», – дейді фильмнің продюсері Ернар Мәліков. Себебі сол зұлмат жылдар жаңғырығын өзге түгел, өзіміз де түйсіне бермейміз. Қаржының аздығынан түсірілім бақандай бес жылға созылған.

Ернар Мәліков, фильмнің продюсері:

– Біз Мәдениет министрлігіне хат жаздық, бір емес 4-5 рет жаздық. Тіпті бизнесмендермен де кездестік. Олар да айтты керемет тақырып, бұл әлі жабық тұрған тақырып деп. Біз бастап кеттік съемканы. Алматыдан 400 шақырым жерде түсірілді. Бірақ олар бізді алдап соқты. Бизнесмен жігіттер қазақша айтқанда, секіріп-секіріп қашып кетті.

«Оскардың» ондығына іліну үшін 30 миллион теңге қажет. Ал Мәдениет және спорт министрлігі: «Заң аясында қаржылай көмектесуге құқымыз жоқ», – деп отыр. Тарихты таныту керек, бірақ Заңның аты – Заң. Жеке қаржыға түсірілген фильмге мемлекет қолдау білдірмейді.

Ғани Мұратов, Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары:

– 2019 жылдан бастап ҚР Заң қабылданды. Сол заң аясында белгілі критерийлер жазылған. Бұл фильм спонсор арқылы, яғни өз қаражаты есебінен түсірілген. «Ұлы дала зары» фильмі Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау тауып жатқан жоқ деген сөз ол дұрыс емес. Бұл фильмді шетелдерде насихаттау бойынша, көрсету бойынша қаражат көзін қарастыруды сұраған хат келіп түсті. Киноға жұмсалатын мемлекеттік қаржының барлығы киноорталығына баратындықтан, сол орталыққа тиісті хат жолдадық. Қазіргі таңда бұл мәселе орталықпен пысықталуда.

Бұған дейін америкалық кинопремияға қазақстанның атынан Ермек Тұрсыновтың «Келін», «Шал», «Жат» фильмдері, Ақан Сатаевтың «Жау жүрек мың бала», «Адасқандар», «Анаға апарар жол», Сатыпалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмдері ұсынылған. Дегенмен тек «Келін» ғана «Оскардың» қысқа тізіміне ілінді. Қазақстан киносыншылар қауымдастығының төрағасы Гүлнәр Әбікеева былай дейді.

Гүлнәр Әбікеева, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының төрағасы:

Қазақстандық кинокартиналар «Оскар» неге алмайды? Менің ойымша, жауап өте қарапайым. Себебі біздегі «Оскар» комиссиясы дұрыс іріктемейді, лайықтысын таңдамайды. Олар үміткер картиналарды халықаралық талғамға емес, жергілікті көзқарастарға сүйене отырып жібереді. Мысалы, Берлинде және өзге де халықаралық кинофествиальдерден 50 жүлде алған «Уроки гармонии» картинасын жіберудің орнына, басқа кино ұсынылды.

Тарихтан тағылым алу, оны таныту, оны құрметтеу Жаңа жылдың бесінші күні жарияланған Президенттің мақаласында да айтылған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев қасіреті көп қазақтың қатпарлы тарихын зерттеуді, сосын насихаттауды тапсырған.

Ернар Мәліков, фильмнің продюсері:

– Қазақ халқының басынан өткен зобалаң, нәубет заманы туралы түсірілген мынадай фильмді тіпті американдықтар, тіпті біздің адамдар да парадокс дейді. «Бұл сендердің тарихтарың ғой. 70% халықты жоғалттыңыздар, бұл сіздердің трагедияларыңыз ғой», – дейді.

Сол трагедиялы тарихтан біздің қоғамның алған сабағы да, тағылымы да там-тұм. Мысалы, ашаршылық құрбандарына арналып салынған мына ескерткіштің бір мүсінін осыдан бірнеше жыл бұрын біреулер ұрлап алып, ақшаға сатып жібермек болғанын біз әлі ұмыта қойған жоқпыз. «Ал «Ұлы дала зары» Голливудқа жетсе және жеңсе, бұл сөзсіз қасіреті көп қазақ тарихына деген біздің, бүгінгі азат ұрпақ парызының бір өтеуі болар еді», – дейді мамандар.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ұлан Нарынбек, Азамат Сәметов