Хабар телеарнасы

Қарақат Башанова Junior Eurovision байқауының күміс жүлдегері атанды

Сарынынан сағыныш сезілген әнін әкесіне арнаған Қарақаттың үні халықаралық сарапшылар мен қалың көрерменнің жүрегіне жол тапты. Гранд финалда Франциялық әнші Валентина жеңіске жетсе де, ән әлемінің аспанында Қарақат Башанованың жұлдызы жанды.

Миллиондаған көрермен онлайн тамашалаған әннің драматургиясы өзгелерден дара шықты. Қарақаттың әуелеткен бұл әні бес жыл бұрын дүниеден озған әкесіне арналды. Әуеннің авторы Хамит Шаңғалиев қаршадай қыздың сағынышын сезініп, бұл сазды бір демде жазып шыққанын айтады. Себебі Қарақаттың күйін ол да кешкен еді. Ол да тура бес жыл бұрын әкесінен айырылған. Байқау аяқталғаннан кейін есін жиып, толқыған көңілін баса алмай сазгер біраз отырды.

Хамит Шаңғалиев, сазгер:

- Шынайы шыққан, тарихы бар ерекше ән. Білмеймін, Алла қосқаны ма, Қарақат осы әнді өзі тауып, бойымнан суырып алғандай. Үлкен сахнада әлемге паш етіп, жарқырап айтып шықты. Өте қатты қуандым, Қарақатқа ризамын!

Иә, сазгердің риза болатындай жөні бар, өйткені кіл мықтының ішінен Қарақат Башанованың өнері көпшілікті бейжай қалдырмады. Грузия мен Ресейдің музыкалық сарапшылары қазақ қызына толық 12 ұпайын берді. Дегенмен гранд-финалдың текетіреске толы болғаны соншалық, соңғы сәтке дейін кімнің бағы жанатынын ешкім білмеді.

Осылайша сазгердің шығармасы биыл екінші жыл қатарынан Қазақстанның қоржынына күміс жүлдені алып берді. Кіл мықты қатысқан еуропалық байқау деңгейінде бұл – үлкен жетістік, нағыз жеңіс.

Қарақат Башанова, Junior Eurovision 2020 байқауының күміс жүлдегері:

- Қазақ елінің жеңісі және бүкіл қазақстандыққа дауыс бергендері үшін мың алғыс! Мен үшін орын алу ең маңыздысы болған жоқ. Мен үшін ең маңыздысы – әнді жеткізіп айту. Осы арманым орындалды деп ойлаймын.

Дарынды жеткіншектің сахнада жарқырап шығуына септескен шығармашылық топтың жадында 30 қараша ерекше күн ретінде сақталады. Өйткені еліміздің өнер сахнасында ғана емес, халықаралық деңгейде жаңа бір жұлдыздың есімі жанды. Ендеше Қарақат Башанованың өнер жолындағы қанатының талмауын тілейміз.

Авторы: Жандос Сұлтанғазы