Хабар телеарнасы

29 қараша күні сағат 22:00-де «Хабар» арнасынан Junior Eurovision 2020 ән байқауын тамашалаңыздар!

Әлемдік додада ол «Forever» композициясын орындайды. Ән байқауы биыл бірінші рет онлайн-режимде өтеді. «Алайда бұл оның сапасы мен маңыздылығына еш әсер етпейді», – дейді, ұйымдастырушылар.

Байқау күні жақындаған сайын қобалжу да басымырақ. Бұл халықаралық өнер додасында Ұлттық байқау жеңімпазы Талғар ауданының тұрғыны 12 жасар Қарақат Башанова бақ сынайды. Қазір жас орындаушының күн кестесі де өте тығыз. Ол күніне екі сағат вокалдан, ал аптасына бірнеше рет актерлік шеберліктен сабақ алып жүр. Оған қоса, байқау алдында түрлі түсірілімдер көбейген.

Әлия Аязбекова, Қарақат Башанованың анасы:

– Әрине, қолымыздан келгенше, дайындалып жатырмыз. Қарақатты енді қазір күннің суығына ауырып қалмаса екен деп уайымдап, уақытысымен тамақтандырып, уақытысымен ұйықтатып, суық су ішкізбей оны өзім қадағалап жүрмін. Барлығы жақсы болады деген үміттемін. Енді қобалжу бар, бірақ мен сенемін Қарақат жеңімпаз атанады дегенге.

Қарақаттың дауысы бірегей. «Бірақ бұл таланттан гөрі, еңбектің нәтижесі», – дейді анасы. Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте оқитын ол скрипкада және фортепианода ойнайды. Балалар Еуровидениесінде ол жуырда ғана бейнеклип түсірілген «Форовер» әнін орындайды. Жүректі тебірентер бұл ән жас әншінің өмірден өткен әкесіне арналады. Қарақат ол кезде бар-жоғы 5 жаста болған екен. Бірақ бала жүрегінде әкеге деген сағыныш оты сөнбек емес.

Қарақат Башанова, «Junior Eurovision-2020» Халықаралық байқауының қатысушысы:

– Мен ең алғаш рет сахнада осы әнді орындаған кезде репетиция күндері өте қатты қорықтым, қобалжыдым. Себебі сахнада эмоцияға беріліп кетіп, жылап жіберемін бе деген ой болды. Бірақ әкем мені естісе, қалайда осы әнді жеткізіп айтып берер едім деп ойладым.

«Хабар» Агенттігі» 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі болғандықтан талантты жастарымыз осымен үшінші жыл қатарынан «Junior Eurovision» халықаралық байқауына қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Қарақат Башанова, «Junior Eurovision-2020» Халықаралық байқауының қатысушысы:

– Әрине, қобалжу бар. Ұлттық іріктеуде де қобалжыған болатынмын. Гранд финал жақындаған сайын тіпті қобалжуым арта түсуде. Бірақ дегенмен маған артқан үміттердің бәрін ақтағым келеді.

Қарашаның 29 күні бақ сынайтын жас талантқа сәттілік тілейік!

Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жақұпов