Хабар телеарнасы

Шымкентте қалалық Өзбек драма театры 18-ші маусымын ашты

«Шымкент –ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында ұйымдастырылған театрдың концерттік бағдарламасында үздік қойылымдардан үзінділер көрсетілді.

Театрландырылған концерттік бағдарлама барысында санитарлық талаптар ескерілді. Көрермен театр залында ара қашықтықты сақтай отырып, сахналық қойылымдардан үзінділерді тамашалады. Талғампаз, көзі қарақты көрерменнің көңілінен шығу үшін әртістер әуелете ән салып, мың бұрала би биледі.

Мамлакат Рахманшикова, көрермен:

– Театрға келгенді ұнатамын. Өзім құрметтеймін сол санаттағыларды. Осындағы барлық коллективке жақсылық тілеймін. Көп спектакльдер қоюға тілектеспін.

Театр ғимаратының кірпіші 1974 жылы қаланған. Бұл қалалық Өзбек драма театры республика көлеміндегі жалғыз өзбек театры саналады. Театр репертуарында 50-ден аса қойылым бар. Мәдениет үйі бүгінде үздіксіз жұмыс жасап келеді. Мұнда 50-ден астам маман жұмыс жасап келеді.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

– Мәдени шаралардың офлайн өткені жақсы. Себебі адамдар көреді, қызық дегендей. ТМД елдерінің мәдени астанасы биыл бізде аяқталып, оны Душанбе қаласына береміз. Қаланың 5 жерінде, 5 локациясында мәдени бағыттар бойынша Шымкенттің өнерпаздары халыққа өнер көрсетеді.

Мәдениет үйіне 2020 жылы қалалық бюджеттен 129 807 мың теңге, оның ішінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 32 884 мың теңге бөлінген болатын. Қалалық әкімдік өкілдері жөндеуден өткен театрдың ғимаратымен танысып шықты. Сондай-ақ осы театрға еңбегі сіңген бұрынғы басшы Икрам Хашимжановты зейнеткерлікке шығуымен құттықтады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов