Хабар телеарнасы

Елордада «Үркер-2020» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды

Биыл байқауда Шерхан Мұртаза атындағы жаңа номинацияда енгізіліпті.

Пандемия жағдайында өткен іс-шара болғандықтан марапаттау рәсіміне тек қана номинанттар шақырылған. Әрине, барлық санитарлық талаптар сақталған.

Жаһандық пандемия барлық салалардың жұмысына өзгеріс әкелді. Іс-шаралар да онлайнға ауысты. Солардың қатарына жыл сайын елордада өтетін Астана Media Week-ті де қосуға болады. Апталықтағы панельдік сессияларды ресми сайттан 25 мың желі қолданушысы тыңдаған еді. Бұл жайлы дәстүрлі «Үркер» премиясының жеңімпаздарын марапаттауға арналған іс-шара барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– «Үркер» ұлттық бәйгесінің марапаттау рәсімі Астана Media Week апталығының аясында өтіп отыр. Әрине, біз үшін қоғамда әр саланың өз орны бар. Соның ішінде журналистиканың қоғам үшін атқарып отырған еңбегі өте зор. Әрбір еңбек лайықты бағасын алу керек деп санаймыз. Біздің бүгінгі шарамыз да осы себеппен өткізіліп отыр. Сондықтан біздің қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан шын талантқа лайықты бағасын берді деп сенімдіміз.

Ал қазылар алқасының құрамына отандық медиа майталмандардан бөлек Ұлыбритания мен Израиль елдерінің де өкілдері еніпті. Олар 11 номинация бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған радио, баспа және интернет-журналистика саласының үздіктерін анықтады.

Айжан Мусинова, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры директорының орынбасары:

– Биыл 470 өтінім келіп түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. «Үздік сұхбат», «Үздік журналистік зерттеу» сынды аталымдар бойынша жақсы материалдар келіп түсті. Әділ қазылар алқасы үшін таңдау қиынға соқты. Сонымен қатар биыл ұлттық бәйгеге Шерхан Мұртаза атындағы номинация да енгізіліп отыр.

Ал бұл номинацияда Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, публицист Қайнар Олжай үздік атанды. Жалпы пандемия жағдайында өтіп жатқан іс-шара болғандықтан, залға тек номинанттар шақырылды. Есімдері де тез жарияланды. Осылайша «AQ JOL» баспасы «Жылдың үздік газеті» атанды. Ал үздік репортажды kyzylorda-news порталының бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаев жазыпты.

Нұрсұлтан Мықтыбаев, «Жылдың үздік репортажы» аталымының жеңімпазы:

Мен «Жылдың үздік репортажына» қатыстым. Ол әлемді әбігерге салған індет туралы репортаждар 5 циклдан тұрды. Біріншісі дәрігерлердің өмірі. Екіншісі блокпосттағы полиция мен дәрігерлердің өмірі. Үшіншісі мұғалімнің бір күндік өмірі. Бүгін еңбегім еленіп, «Үркер» сыйлығын алып, пандемия кезінде Қызылорда облысының штабында журналист ретінде күні-түні еңбек еткеніме қуаныштымын.

Пандемия барлық сала қызметкерлерінің де жұмысына ауыртпалық әкелді. Соның ішінде журналистер де бар. Өкініштісі, індет салдарынан әлемде 800-ге жуық журналист көз жұмған. Бүгінгі шара барысында коронавирус инфекциясынан қаза тапқан отандық БАҚ өкілдерінде еске алды.

Авторлары: Риат Шони, Есбол Жәмшитов