Хабар телеарнасы

Димаш Құдайберген Еуропаның 11 қаласында жеке ән кешін өткізеді

Қазақстанның осы елдегі елшілігі қазақ диаспора өкілдері мен Украинадағы әншінің фан-клуб мүшелері сүйікті әншісін құшақ жая қарсы алды.

Аида Қыдырбай, тілші:

- «Арнау тур» концертімен Киевке келген сүйікті әншісі Димашын қарсы алуға 50-ден астам адам жиналды. Мұнда қазақ дүниетанымына тән, көзге де, көңілге де ыстық заттарды көптеп кездестіруге болады. Қазақтың әшекей бұйымдарын тағынып, қазақ туын жамылған украиналық фан-клуб өкілдері Димашты «Дайдидау» әнімен қарсы алды.

Украина, Чехия, Испания, Португалия және Грузиядан келген әнсүйер қауым қазақ баласын «Димаш, кохаэмо» деген ұранмен қарсы алды. Украинаның «кохаэмо» сөзі қазақ тілінде «Біз сені жақсы көреміз» деген мағына береді. Димаштың жанкүйерлері ерекше толқып тұр. Әрқайсысының сүйікті әншісіне тартуы бар. Бірі гүл ұстаса, енді біреулері Украина ұлттық нақышында кестеленген көйлек сыйламақ. Жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері де Димашты асыға күтті.

Алмагүл Кенжебаева, Украинадағы қазақ диаспорасының өкілі:

- Жалауымызды алып, Димашымызды қарсы алдық. Қазақ диаспорасының өкілдері де келді. Фан-клубтары да бар, өте қуаныштымыз. Грузиядан да адамдар келіпті. Амандық болса, топ болып концертіне барамыз. Украиналықтар Димашты өте жақсы көреді.

Марина, жанкүйер /Грузия/:

- Аурасы ерекше, қазақтың ғана емес, Грузияның да баласы сияқты. Ол шырқағанда жаныңды тербейді.

Алёна, жанкүйер:

- Димаш – қуаныш, шаттық дәрісі. Мен оған Украинаның ұлттық жейдесін тігіп әкелдім.

Димаш үшін Украина таңсық ел емес. Оның орындауындағы хит болған аққулар әніне бейнебаянды украиналық режиссер Алан Бадоев түсірген. Димаш 10 мың адамға шақталған спорт сарайында концерт береді. «Билеттер толық сатылып кетті», – дейді ұйымдастырушылар. Ал Димаштың жанкүйерлері оны украин тілінде де ән шырқайды деп күтеді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов