Хабар телеарнасы

Павлодар өңірінде ұлттық тағамдарға сұраныс жоғары

Соңғы кезде дүкен сөрелерінде талқан мен ірімшіктен жасалған тәттілер пайда болыпты. Сонымен қатар ұлттық мерекелерде дастарханға қарын бүрме қою дәстүрге айналған.

Айнұр – қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Бала күтімімен үйде отырғанда кәмпитті қолдан жасаған. Оның дәмін татып көрген достары мен жақындары тапсырыс бере бастапты. Кейін шетелге жол түскендер: «Кәдесый түрінде ала барамыз», – деп ұсыныс білдірген. Тапсырыстың көптігі кәсіпке жол ашты. Ол «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына қатысып, қаржылай қолдауға ие болды.

Айнұр Темірова, кәсіпкер:

- Бүгінгі таңда өнімнің 4 түрі бар. Олар: шоколадты қоспа, шоколадты жент, шоколадты құрма, шоколадты бадам. Қоспалардан бөлек жаңа өнім түрлерін де шығардық.

Екібастұз қаласына қарасты Қоянды ауылында тұратын Қазынагүл апай қазақтың ұлттық тағамдарының тарихын зерттеп жүр. Сонау көшпенділерден қалған ас мәзірі халықтың сүйікті тағамына айналатынына сенімді. Айтуынша, бүрме қарынды көшіп бара жатқан жұрт келесі көш жеткенше шоққа көміп кетіп отырған.

Қазынагүл Алпысбаева, Қоянды ауылдық клубының ұйымдастырушысы:

- Қазақтың ұлттық тағамдары өте көп. Әсіптің неше түрлісін жасауға болады. Оны қойдың ұлтабарынан, жылқының ішектерінен жасайтын түрлері де кездеседі.

Ұлттық тағамдарды қайта жандандыру мақсатында Қазынагүл апай «Ақ дастархан» клубын ашуға дайындалып жатыр. Ол қарынға май салудың да әдіс-тәсілдерін үйретеді. Бабы келіссе, қарындағы сарымай екі-үш жыл бұзылмай сақталады екен.

Қазынагүл Алпысбаева, Қоянды ауылдық клубының ұйымдастырушысы:

- Екі-үш күндік қаймақты тоңазытқыштан алып, суынан арылтып, тұздап, 5-6 сағатқа қойып қою керек. Сөлі кеткеннен кейін қарынға салып, қарын толғаннан кейін аузын байлап, оның сыртына да тұз жағып қояды.

Қазынагүл апай ұлттық тағамдарды насихаттаумен қатар шығармашылықты да қолға алған. Ауыл әжелерінің басын қосып «Кәусар» әжелер ансамбльін құрыпты. Қаладағы мерекелерден қалмайтын ақ әжелер қолөнермен де айналысады. Жасаған бұйымдарды жәрмеңкелерде сатып, түскен қаржыны Екібастұздағы балалар үйіне аударады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий