Хабар телеарнасы

Игорь Крутой: Димаштың энергиясы концертке келген әр адамға жетеді

Өнерпаздың тыңдармандары концерттен мол әсер алып, сүйікті әншісіне ризашылығын білдірді. Жалпы Димаштың мәскеулік жанкүйерлері 9 наурызды тағатсыздана күтті. Концерт өтетін аренаға ағылған халықта сан жоқ. Мерекелік кеш басталған сәттен-ақ қазақтың бұлбұл дауыс иесіне деген қошемет толастамады. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 14 мыңнан астам жанкүйер сахна төрінде жұлдыздай жарқыраған Димашқа тамсана қарап, шырқаған әндерін сүйсіне тыңдады.

Игорь Крутой, композитор:

- Нұр-Сұлтан қаласында өткен концертте стадионда 40 мың адам болды. Кремльде 5500, ал мұнда 10 мыңнан асады. Бірақ Димаштың энергиясы концертке келген әр адамға жетеді. Мұндай қасиет әрбір әншіде бола бермейді. Димаш – ерекше адам, нағыз талант иесі.

Димаш Құдайберген, әнші:

- Концерт өте керемет өтті деп ойлаймын. Мамандардың барлығына алғыс айтамын. Сіздерге жалынды сәлем. Барлығыңызды жақсы көремін. Рахмет.

Енді қазақстандық жезтаңдай әнші Димаш Құдайберген Киев, Прага, Гамбург, Дюсельдорф сынды қалаларда өзінің жеке концертін беретін болады.