Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі эстрада әншілерімен бірге 8 наурызға арнайы жоба әзірледі

Танымал әншілер Сәкен Майғазиев, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі халық көп жиналатын қоғамдық орындарға барып, ақ жаулықты аналарға, қылықты қыздарға гүл сыйлап, бірге ән шырқады.

Ғафу Қайырбековтің сөзіне жазылған, Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін білмейтін жан жоқ. Бұл әннің арнайы жоба үшін таңдалуы да сондықтан. Әлемге жылылық сыйлаған ананың махаббатын жеткізген әсем әнді Алматы тұрғындары сүйікті әншілерімен бірге шырқады.

Қайрат Нұртас, әнші:

- Біз базарға келіп, аналарымызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, қуантып жатырмыз. Бірге ән салдық. Өте керемет.

Жоба қоғамдық орындарда түсірілгендіктен жалпыхалықтық сипат алды. Алысқа жол жүріп бара жатқан жолаушы да, базардан керегін сатып алуға келген тұтынушы да түсірілімнен тыс қалмады. Көпшіліктің жүзінен шынайы сезім, боямасыз әсер анық байқалды.

Әсел Тұрсынғазина, жоба продюсері:

- Бұл – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне, аналар күніне орай «Хабар» арнасынан тарту, тосынсый. Жанры да ерекше, яғни бұны бір бейнебаян мен флэшмобтың синтезі деп айтсақ болады.

Бұл жоба халық үшін шын мәнінде тосынсый болды. Сахна мен телеэкраннан ғана көретін әншілерін өз орталарында көріп, олардан сыйлыққа гүл аламыз деп ойламанған да болар.

Төреғали Төреәлі, әнші:

- Аяулы жандарды, ардақты аруларды мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді. Тек қана 8 наурыз күні ғана емес, тек көктем мезгілінде ғана емес, жыл он екі ай құрметке лайық жандар екендеріңізді ұмытпағайсыздар. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Жоба авторы – «Хабар Агенттігі». Мереке қарсаңында әріптестеріміз де елорданың нәзік жандыларына гүл сыйлап, көңілдерін көтерді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев