Хабар телеарнасы

Қарттарға құрмет: «Хабар» ұжымы мерекелік концерт өткізді

Тағдыр тауқыметін арқалап, жандары жүдеп жүрген аналар бір марқайып қалды.

Жүрек жылуына зәру аналарымыз ақ жарма тілектерін айтып, батасын берді. Жиі келуімізді өтінді. Бірақ бұл арнамыздың соңғы концерті емес.

Қарттар үйіндегі аяулы аналар соңғы рет қашан гүл алғандары есінде жоқ. Бауыр еті баласының өзі бас тартқан соң, сыйлық алуды әлдеқашан ұмытқан. Бірақ оларды құттықтауды біздің арнамыз ұмыт қалдырмады. Құны қымбат болмаса да, ұсынған бір гүлімізге қатты қуанды. Кейбірінің көңілі босап, көзіне жас алды.

Блиц:

- Әке-шешелеріңді сыйлап, бақытты болыңдар! Тілейтінім сол. Бізді сыйлап, құрметтегендеріңе рахмет!

- Жастарың ұзақ болсын! Осылай жақсы күндерде келе беріңдер. Той көп болсын! Барлық жерде жақсылық болсын!

Халықаралық мерекенің құрметіне концерт те қойылды. Қарттарымыздың көңілі шат-шадыман. Салтанатты шараға ақ жаулықты аналарымыз әшекейлерін тағып, әрленіп келіпті. Тіпті ақсақалдарымыз да қалыс қалмай, қырлы шалбар, ақ жейдемен жүрді. Жалпы мұнда 300-ден аса жан мекен етеді. Оның 146-сы нәзік жандылар.

Ардақ Сейітова, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

- Өзіміздің кішігірім ассамблеямыз дейміз. Себебі біздің мекемеде 12 ұлт өкілі өмір сүреді. Арасында еңбегі сіңген ата-әжелеріміз де бар. Сонымен қатар біздің арамызда дәрігер, мұғалім, мектеп директоры болған адамдар да бар. Заңгер болғандар да бар.

Бүгінгі концертте әсем әуен шырқалып, тәтті күй де төгілді.

Марқайған қариялардың қуанышында шек жоқ. Олар өнерпаздарға қосылып ән айтты, би биледі. Бойлары бір сергіп, серпіліп қалды-ау.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:

- Біздің қоғамның басым бөлігі болып саналатын нәзік жандылар үшін осындай мереке ұйымдастыру – біз үшін үлкен жауапкершілік. Біздің қарапайым қызметкерлер, журналистер, редакторлар, операторлар, техникалық дирекцияның жігіттері бүгін әжелерімізге арнап концерт дайындады. Бізді эстрада жұлдыздары қолдап, осындай керемет концерт ұйымдастырып жатырмыз.

Жүректері жүдеген жандардың жүздері жадырап жүрді. Сол үшін тырыстық. Ақ жарма ақ тілектерін айтып, алғыстарын білдірді. Жиі келуімізді өтінді. Бұл арнамыздың соңғы концерті емес.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков