Хабар телеарнасы

Қазақстандықтар биыл Алғыс айту күнін бесінші рет атап өтеді

Жыл сайын оның мазмұны, ауқымы кеңейіп келеді. Елордадағы Достық үйінде өткен мерекелік іс-шара – соның көрінісі.

Кез келген мерекенің қызығы – концерттік бағдарлама. Ал Алғыс айту күні аясында өткен бұл шара тіптен тартымды. Түрлі ұлт өкілі өнерін паш етуде. Кештің басты ерекшелігі Алғыс айту күніне арнайы жазылған әннің тысаукесері болды. Авторы әрі орындаушысы ҚХА мүшесі – Дмитрий Останькович.

Татулық, тұрақтылық пен бірлікте өмір сүріп жатқан отандастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуды да парыз санайды. Қайырымдылық жәрмеңкесі сол үшін ұйымдастырылды.

Аскер Пириев, Түрік ұлттық орталығының жетекшісі:

- Этномәдени орталықтар өздерінің қолдарынан жасаған бұйымдарын, ұлттық тамақтарын мына жақта жәрмеңкелеп сатып жатыр. Одан қолға түскен табысты біз емге мұқтаж екі бүлдіршінге көмек ретінде табыс етеміз.

Алғыс айту күінін атап өту осылай уақыт өткен сайын түрленіп келеді.

Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:

- Бұл – заман талабы туындатқан қазақстандықтар үшін мәні зор мереке. Тұғыш Президент – Елбасымыз айтқандай, бақыт бағалай келгеннің басында тұрақтайды. Ең асыл қазынамыз бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асудан асамыз.

Салтанатты шараға жиналғандар: «Алғыс айту күні сан сынақтан бірге өткен халықтың бірлігін арттырып, өзара сенім мен құрметтің орныға түсуіне негіз болуда», – дейді.

Людмила Тян, Корей этно-мәдени бірлестігінің өкілі:

- Мен көпұлтты, ынтымағы жарасқан елде тұрып жатқаныма қуанамын. Бүгінгі мерекеде қазақ халқына зор алғысымды білдіремін және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ерекше айтқым келеді. Ешкімнен қысым көріп жатқан жоқпыз. Білім алып, оқып, бейбіт өмір сүрудеміз. Ең бастысы өз мәдениетімізді ұмытқан жоқпыз.

Юсуп Келигов, Шешен-ингуш мәдени орталығының өкілі:

- Шын көңіліммен алғыс айтамын. Мен қазақ жерінде тудым. Түрлі ұлттық орталық өз салт-дәстүрін, тілін дамытып, сан-салада табысты еңбек жасауда. Ал олардың осындай жетістікке жетуіне Қазақстан билігі бар жағдайды жасаған. Бұл ел – біздің ортақ үйіміз.

Мерекеге орай ұйымдастырылған шара аясында ерлігімен, жомарттығымен көзге түскен, сондай-ақ білім беру, спорт тағы басқа салада үлкен жетістіктерге жеткен жандардың еңбегі ерекше аталып, ҚХА атынан алғыс хаттар табысталды.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов