Хабар телеарнасы

СҚО-да алғаш рет құсбегілердің чемпионаты өтуде

Оған еліміздің 13 өңірінен барлығы 50-ден астам саятшы қатысып жатыр. Үш күндік сайыста қолға үйретілген құстардың бабы сыналады.

Самғат Ғалым – дәстүрді дәріптеп, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген азамат. Қытайдан қоныс аударған қандасымыз 2016 жылдан бастап тарихи отанында құсбегілікпен айналысып жүр. Чемпионатқа 4 жасар Тұйғын атты бүркітімен келген. Өзі Семей өңірінен болса да, бұл жолы солтүстіктің намысын қорғамақ.

Самғат Ғалым, құсбегі:

- Бұл – кешегі ата-бабамыздан қалған үлкен мұра, ұлтымыздың құндылығы. Мұның өткені өте жақсы. Келешек ұрпақ үшін бұл өте тамаша деп ойлаймын.

Байқаудың алғашқы күнінде қатысушылар құстарды қолға қондыру сайысынан сынға түсті. Қатты желдің салдарынан кейбір бүркіттер бұл тапсырманы тиісті деңгейде орындай алмады. Жалпы өткізіліп жатқан кезекті додаға еліміздің 13 аймағынан 50-ден астам құсбегі қатысуда.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Құсбегілік – қазақ ұлтының қанына сіңген көне дәстүр. Бірақ жасыратыны жоқ, қазір уақыт өте келе осы бір өнер еліміздің солтүстігінде ұмыт бола бастаған. Сондықтан оны қайта жаңғырту үшін чемпионат дәл осы өңірде ұйымдастырылып отыр және ол үш күнге созылады.

Төл өнерімізді насихаттап, оған жастардың ықыласын арттыру үшін биылдан бастап өңірлерде спорттың бұл түріне жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Базарбек Күнтуғанұлы, құсбегіліктен Қазақстанның аға жаттықтырушысы:

- Қазақстанның біршама облысында осы ұлттық спорт түрлерінің ішінде құсбегілік бөлімі ашылды. Өте жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Биыл ШҚО-да, Маңғыстау облысында осы құсбегілік бөлімі ашылды.

Ертең бүркіттер еркін ұшудан сынға түссе, үшінші күні қатысушылар қырандарын қоян мен түлкіге салады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік атанған құс иесі қомақты ақшалай сыйлықпен марапатталмақ.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев