Хабар телеарнасы

Астанада велосипедтерді тіркеу басталды

Астанада жыл басынан бері 140-тан астам велосипед қолды болған. Келген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асады. Мамандар енді ұрлықты азайту үшін елордадағы велосипедтерді тіркей бастаған. Бұл жүйе қалай жүзеге асады? Тиімділігі қандай? 

Кептеліссіз, діттеген жерге жетуге болатын велосипедтің қадір-қасиетін үлкен мегаполис тұрғындары жақсы біледі. Алайда сақтыққа салғырт қарайтыны өкінішті-ақ. Астаналық Надежда Зайцеваның да «велосипедімді ұрлап кетеді» деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген.

Надежда Зайцева, қала тұрғыны:
-Мен жұмыста болғанда ұрлықшы велосипедімді қарауылдаған. 2 минуттың ішінде құлыпты кілтпен ашып, жан-жағындағыларға еш сыр білдірмей, айдап кетті. Абырой болғанда, полиция камералардың көмегімен анықтап, бір тәулікте тауып берді. Сол арада ұры велосипедімді сатып жіберіпті. Жаңа қожайыны қайтарып бергісі келмеді. Бірақ амал қанша. Менің затым ғой.

«Жоғалтып, қайта қауышқан көлігі енді қолды болмас үшін Надежда көлігіне GPS-трекер орнатуға мүдделі. Сескенгеннен, тіпті ауладан тұрғын үйінің кіреберісіне кіргізіп, бір емес, екі құлыпты қатар байлайтын болған. Бірақ бұл қауіпсіздік кепілі емес», — дейді тәртіп сақшылары. Себебі ұрлықтың басым бөлігі дәл осы тұрғын үй кіреберістерінде болады екен.

Самғат Тынышев, қалалық ПД криминалдық ПБ-ның аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
-Мынау біздің тұрғындардың қолданатын құлыптары, ұрыларға оның барлығы уақытша кедергі болып табылады. Себебі олар арнайы темір кесетін қайшылармен, тістегіштермен өзінің дегеніне жетеді. Яғни босатып, ұрлап әкете береді.

Осылайша, Астананың өзінде жыл басынан бері 140-тан астам велосипед ұрланған. 62 іс ашылып, көліктер иесіне қайтарылды. Ал қалғаны әлі күнге дейін табылған жоқ.

Процестті жеделдету үшін Полиция департаменті тұрақты даму орталығымен бірлесіп, велосипедтерді ерікті түрде тіркеуді қолға алды.

Виталий Пустовойтенко, қалалық «Тұрақты даму орталығы» ЖШС директорының орынбасары:
-Азамат өзінің велосипедінің нөмірін, айрықша белгілерін, суретін «SMART-ASTANA» немесе «E-KNOT» деген платформаға жүктесе жеткілікті. Кейін ұрлап кеткен жағдайда, бағдарлама арқылы полицейлерге бірден ақпарат беруге болады. Бұл жұмысты едәуір жеңілдетіп, ұрыны құрықтауға мүмкіндік береді.

Бұл платформа әзірге пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Тіркеу басталғалы 230 азамат екі дөңгелекті көлігін платформаларға жүктеп үлгерген. Көбіне, олар кәсіби, әрі қымбат велосипедтерді тіркейтін көрінеді. Онысы түсінікті-ақ. Себебі спорт пен қажеттілікті қатар қамтитын бұл құрылғының нарықтағы құны бұрынғыдай арзан емес.

Динара Күдербекова, кәсіпкер:
-Бәрі брендовый велосипед. Рамалары аллюминий, бағалары 145 мыңнан басталады. Осы дүкендегі ең қымбат велосипед 2 миллион 100 мың тұрады.

«Маңдай термен алған велосипедті ұрлатпаудың жолы бір — көзден таса қалдырмау», — дейді мамандар. Әйтпесе қанша жерден құлып салса да, ұрылардың олжасына айналуы бек мүмкін.

Авторлар: Дана Әлиева, Нұрлан Малгельдинов, Аян Сәрсенбаев