Хабар телеарнасы

Алматыда зергерлік бұйымдар нарығымен жұмыс істеу жөнінен семинар өтті

Алматыда зергерлік бұйымдар нарығының тауарларын таңбалау және қадағалаудың ақпараттық жүйесімен жұмыс істеу бойынша семинар өтті. Семинар барысында бағалы металдар мен тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға дата матрикс кодын орналастыру және оны оқу бойынша эксперимент жүргізілді. 

Өткен жылдың наурыз айынан бастап еліміздегі зергерлік бұйымдар бизнесіндегі көлеңкелі тұстарды ретке келтіру мақсатында тауарларды таңбалау және қадағалау пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператормен бірлесіп қолға алынған жоба өз жемісін береріне мамандар сенімді.

Нұрәлі Кенжебеков, зергерлік бұйымды таңбалау жобасының жетекшісі: 
- Бұл пилоттық жоба тек қана үкімет үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін және бизнес үшін тиімді деп айтар едім. Өйткені мұнда алаяқтарға жол жоқ. Пилоттық жобаның іске қосылғанына бір жылдан аса уақыт өтті. Осы жылдың қазан айында аяқталады. Содан кейін толыққанды қолданысқа енеді деген ойдамыз.

Жоба бизнес өкілдері үшін таңбалаудың ақпараттық жүйесінің функционалдығын тестілеуге мүкіндік береді. Таңбалау үдерісін өндірістік процестерге біріктіруді пысықтайды. «Бизнеске жүктемені есептеп, осы тізбектегі әлсіз жақтарды анықтауға септігін тигізеді»,-дейді сарапшылар. Ең бастысы тұтынушыларға пайдалы.

Ануза Әбдіхамитова, ҚР ИИДМ металлургия және сирек металдар департаментінің бас сарапшысы:
- Тауарлардың ақпараттық жүйесі тұтынушыға бұйымның шығу тегі туралы сенімді мәліметті алуға жол ашады. Оның ішінде техникалық сипаттамалары мен сараптамалық кеңсенің сараптамасы туралы ақпаратты алу арқылы зергерлік бұйымдардың айналымын бақылауға тікелей қатысуға мүмкіндік береді.

Мамандар зергерлік бұйымдарды цифрлық таңбалау жобасы жүзеге асса, алаяқтар азайып мемлекеттік бюджетке 40 млрд теңге қосымша табыс түседі деп болжайды.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон