Хабар телеарнасы

Былтыр қазынаның 81 млрд теңгесі игерусіз қалды

Бұл туралы Мәжілісте бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін таныстырған Премьер-министрдің орынбасары–қаржы министрі мәлімдеді. Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, 421 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Осыған қатысты орталық және жергілікті атқарушы органдардан 113 қызметкерге шара көрілді. Оның 82-сі басшылық қызметте. Ал бюджетке былтыр 16 триллион теңге кіріс кірді. Алайда бұл сома шығындарды өтемейді. Салдарынан, бүгінде бюджет тапшылығы 2,4 трлн теңгеге жеткен.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары–қаржы министрі:
-Бюджет шығыстары 98,6% атқарылды және 18,5 трлн. теңгені құрады. 262 млрд. теңге атқарылмады. Оның ішінде 181 млрд. теңге Үкімет резерві бойынша үнемделген ақша және өзге де үнемдеу болып табылады. Бюджет кодексіне сәйкес бұл шығыстар игерілмеген деп есептелмейді. Таза игеру осыларды ескере келе, 99,6% құрап отыр.