Хабар телеарнасы

«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алды

Енді бұл игі бастама елдің қаржылық сауаттылығын арттыруға жұмыс істейтін болады. Осыған орай арнайы жиын өтіп, екі жақ тиісті меморандумға қол қойды.

Елімізде күн сайын несиелік борышкерлердің саны артып барады. Мамандардың айтуынша, қазақстандықтардың банктерге берешегі 26 трлн теңгеге жеткен. Өкініштісі сол, қарызға кіргендердің басым бөлігі несиесін төлеуге әлеуеті жетпейді. Жаңа бастама болса осы санаттағы азаматтарға қарызынан құтылып, қалыпты қоғамға қайтудың жолын көрсетеді. Жобаны Қазақстан Халық Банкі қаржыландырады.

Үміт Шаяхметова, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасы: 
- Бұл жоба әсіресе ауыл халқына арналады. Несие алғанда неге мән беру керек, кедергілерге жолықсаңыз онда не істеу керек, банкпен қалай сауатты сөйлесіп, келісімге келуге болатынын, қарыздан құтылудың, қаражатты игерудің жолдарын айтамыз, үйретеміз, көрсетеміз. 

Қазіргі таңда 200 қаржылық эксперт іріктелініп жатыр. Олардың арасынан 100 маман берешегі көп халқы бар 8 аймаққа жіберіледі. Биыл 80 мың адамды тегін оқыту көзделген. «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаевтің айтуынша, бұл жоба арқылы кез келген азаматтың, тіпті кәсіп бастағысы келетіндердің де оқуға мүмкіндігі бар.

Елнұр Бейсенбаев «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы: 
- Өзінің жоспарларын пысықтау, өзінің отбасылық бюджеттерін реттеу деген сияқты, яғни айма-ай келетін төлемге әрбір отбасы дайын болуы қажет. Жалпы біздің ниет - Қазақстанда қарызсыз қоғам жасау. 

Мамандар: «Халықтың қаражат жағынан сауаттылығы артса, интернет алаяқтары мен қаржы пирамидаларын жою мүмкіндігіне ие боламыз», - деп отыр. Қазіргі таңда жоба пысықталу үстінде. Жоспар бойынша сәуірдің соңына қарай ресми бастау алады.

Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Тайр Мерекенов