Хабар телеарнасы

Ақтөбеде қармен бірге асфальт та еріп кетті

Қала билігі жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарына қатысқан 10 мердігерді сотқа берді. Былтыр облыста салынып жатқан жолдардан 2 мыңнан астам сынама алынып, 200-ге жуық кемшілік табылған еді. Әлі күнге дейін 46 нысан бойынша олқылық түзетілмеген. Енді мұндай компаниялардың тендерлерге қатысуы екіталай.

Ал Өскеменде жолдағы шұңқырлар кірпішпен бітеліп жатыр. Ойықтарды толтырған түрлі-түсті кірпіш қала көркін аша түсті деу қиын. Дегенмен сала мамандары бұл әдеттегі жол жөндеу жұмыстары басталғанша ең тиімді шешім деп санайды. Тіпті мұндай әдіс дамыған шет елдерде жиі қолданылады деген уәж айтуда. Өйткені көктем шыға шұңқырларды бірден жөндеуге кірісу мүмкін емес. Ал ашық шұңқырлар көлік қозғалысына кедергі келтіреді.

Түркістан облысында заң талаптары өрескел бұзылды. Прокурорлар құны 7 млрд теңгеден асатын, 100-ден астам мемлекеттік сатып алудың күшін жойды. Мәселен, Ордабасы, Төле би және Түлкібас аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің мамандары мемлекеттік сатып алу шарттарын бұзған. Тексеріс барысында өзге де олқылықтар анықталды. Нәтижесінде 50-ден астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. 15 млн теңгеден астам қаржы өндірілді.

Ал Ақтауда прокуратура 11 көпқабатты үйдің заңсыз салынғанын анықтады. Салымшылардың қаржысын заңсыз алу бойынша 25 дерек анықталған. Тексеріс нәтижесінде, баспана құрылысы үшін жер беруге қатысты 2 қаулының күші жойылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 130 млн теңгеге жуық 9 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.