Хабар телеарнасы

Алматыда Tele2 5G желісін іске қосты

Бұл технология жоғары жылдамдық пен сенімді интернетті қамтамасыз етеді. Сарапшылардың айтуынша қазақстандықтар байланыстың бесінші буынының артықшылықтарын шамамен бес жылдан кейін толық сезіне алады. 5G-дің 4G-ден айырмашылығы қандай? 

Алматыда 5G-ді іске қосқан Tele2/Altel операторы интернеттің бесінші буынымен Қазақстанды толық қамтиды. 5G стандартын енгізуге Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс операторларының арасында өткізген аукцион түрткі болды.

Сергей Коньков, Теле2/Altel бас директоры:
-Қызу бәсекенің нәтижесінде екі лоттың бағасы 156 миллиард теңгеге тұрақтады. Егер бұл бағаны бұрын өткізілген, халықаралық нарықтағы аукциондармен салыстырсақ біз орта тұста тұрмыз. Біздің компания Ксell-мен консорциумда жиліктерді ұтып алып, 5G технологиясын қосу құқына ие болды. Яғни біздің екі компания 5G технологиясына жарамды сол жиіліктерді пайдаланумен қатар, лицензиялық міндеттемелерді алды.

Лицензиялық міндеттемелер 5G техологияларын мемлекет үшін жақсы деңгейде іске қосуды білдіреді. Бес жылдың ішінде бесінші буын байланысын іске қосу жөніндегі лотты ұтып алған әрбір компания республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында әрқайсысы 3,5 мың станцияны пайдалануға беруі тиіс. Мұның барлығы мемлекетте жаңа инфрақұрылымды қалыптастырып, әртүрлі бизнес-кейстердің жүзеге асуына жол ашады.

Сергей Коньков, Теле2/Altel бас директоры:
-Электронды мемлекеттік қызметтерді көрсету жөнінен Қазақстан әлем елдерінің арасында алда тұрғаны жасырын емес. Осы қызметтерді тұтынушыларға, яғни азаматтарға жеткізу үшін мобильді инфрақұрылымның маңызы ерекше.

Былтырдан бастап алматылықтар қаланың кейбір бөліктерінде интернеттің жылдамдығы артқанын сезіп жүр. Қазір 5G пилотты режимде үш жерде істейді. Олар Панфилов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағы, «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» таушаңғы курорты. Бесінші буын желісі өте ұшқыр. Оның жылдамдығы 4G желісімен салыстырғанда 40 есе жоғары. Телекоммуникация индустриясының сарапшылары осы жиіліктерді қарапайым мысалмен ғана салыстырып берді. 4G арқылы бір фильм көшіріп болам дегенше, 5G-мен 20 фильм жүктеп аласыз.

Сергей Коньков, Теле2/Altel бас директоры:
-Бұл инфрақұрылымның кең қолданылатынына сенімдіміз. Видеоны жоғары жылдамдықпен және жоғары сапада көрудің қажеті не деген сұрақ туындауы мүмкін. Дегенмен бұл уақыт талабы. Өйткені бұл үдерістердің драйверлері тек тұтынушылармен, осы инфрақұрылымды жасап отырған мобильді байланыс операторлары емес. 5G біз қолданатын қызметтердің барлығына керек.

Яғни білім беру, қаржы саласы мен мемлекеттік қызметтердің барлығына жылдам интернет қажет. Бұған қоса 5G — цифрлық өндірістің дамуына жаңа жол ашатын технология. Бұл дегеніңіз — жоғары жылдамдық. Бір секундта кабельдік инфрақұрылымсыз-ақ бір гигабит мәлімет жібере аласыз. Серверден берілетін тапсырма да шапшаң жетеді. Осы технологияны қолданатын өлшем құралдары өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Олар түтін шықса дереу дабыл қағып, газ және басқа да зиянды заттардың мөлшерін анықтайды. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға дейін еліміздің барлық облыс орталықтарында 5G желісін іске қосу жоспарланып отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон