Хабар телеарнасы

Астанада қаңғыбас иттер тұрғындардың құтын қашырды

Ауланған жағдайда олар қайда жеткізіледі және ары қарай не болады? 

Гүлмайра Көбекбаева, Астана тұрғыны: 
- Балалар анау жерде ойнап жүреді. Әрине, қауіпті. Үлкен адамның өзіне қауіпті. Қоқыс тастауға барғанда, кейде мен қашып кетемін. Менің өзім қорқамын. Балаларға не істемейді? Жұлып алады ғой.

Айман Ысқақ, Астана тұрғыны: 
-  Жағалауда көп жүреді. Әсіресе кешкі уақытта, 7-де көп жүреді.

Бұл мәселемен әкімдікке шығып көрдік. Күнде 4 бригада арнайы рейд жүргізіп, қаңғыбас иттер жиі ауланатынын айтты. Оған көз жеткізу үшін арнайы мамандармен бірге, қала ішінде ауланған иттерді уақытша ұстау пунктіне келдік. Мұнда 3 мыңға жуық иесіз ит бар екен.

Алмас Тұрғынбетов, ветеринарлық бөлімнің басшысы:
- Осы салада жұмыс істегеннен кейін әртүрлі оқиғалар болып жатады. 10 Күн бойы ветеринарлық дәрігер құтыру ауруына қарсы сыртқы клиникалық белгілерін байқайды. 10 күнде ешқандай белгі байқалмаса, акт толтырылып зардап шегушіге беріледі. Әрі қарай бізден алған құжатты жергілікті емханасына көрсетіп, құтыру ауруына қарсы ем қабылдауды тоқтатады.

Адам мен қорадағы малды қойып, иттер тіпті бір біріне шауып, әлсізін талап өлтіреді. Орталық жетекшісінің айтуынша, 2 айдан соң қаңғыбас иттерге арналған уақытша ұстау пунктінің құрылысы аяқталып, жаңасы қолданысқа берілмек.

Диана Қадыр, тілші: 
- Естімеген елде көп. Бұрын соңды итке арналған бақша дегенді естіп пе едіңіз? Батыстық тенденция бізге де жетті. Бірақ бұл барлығына бұйыратын орын емес. Егер иттің тәртібі жақсы болса, жаңа ортаға тез үйренсе, осында әкелуге болады.

Мұнда 20-ға жуық ит бар. Бәрі тәртіппен, таңертең ерте барып, түсте ұйықтап, кешке үйлеріне оралады. «Аптасына бір күн ғана демаламыз»,дейді иттің иесі.

Камила Рашитова, Астана тұрғыны:
- Мен итімді таңғы сағат 8-де апарамын. Кешкі сағат 8-де алып кетемін. Жолдасым да, мен де жұмыста боламыз. Итіміздің үйде жалғыз емес, осында болған тиімді. Бұлар да кішкентай бала сияқты, жанында адам болғанын қалайды.

Бұл бақшаның негізін қалаған кинолог маманның айтуынша, біздің қоғамда итке деген көзқарас дұрыс қалыптаспаған. 

Серікжан Мұқан, кинолог: 
- Сағат 2:30-4:30-ға дейін барлығы бірге, бақылаушы қыздармен ұйықтайды. Ол қалай мүмкін? Таңертең ерте алып келгеннен кейін бүкіл организмін шаршатып, түске дайындаймыз. Кішкентай итке 35 мың, үлкен иттерге 45 мыңға дейін. Бұл абонемент айына.

Өткен жылдың наурыз айында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданған. Онда жануарларды азаптап өлтірген адамға 30 млн теңге көлемінде айыппұл салынады делінген. Ал қаңғыбас иттер адамды талаған жағдайда қай заңның қай бабына жүгінуге болатыны белгісіз және сот прецеденті де әзірге тіркелмеген.

Авторлары: Диана Қадыр, Дархан Кунтуов