Хабар телеарнасы

Алматыда альпинист Анатолий Букреевтің мүсіні орнатылды

Бұл Нұрлан Смағұлов қорының бастамасымен ашылған Алматыдағы үшінші мүсін. 

Анатолий Букреевтің мүсіні Медеу мұз айдынының жанында менмұндалап тұр. Бұл жер алматылықтар үшін ең сүйікті жерге айналған. Мүсінде альпинистің кезекті шыңға шығар алдындағы дамылдап тұрған сәті бейнеленген. Жартастың шетіне тізе бүккен спортшы өзінің жүріп өткен жолына қарап отырған іспетті.

Айдын Сұлтанов, Нұрлан Смағұлов қорының директоры:
-Анатолий Букреевтің ерлігі және дүниедегі ең биік шыңдарға біздің Қазақстанның туын көтерген азаматымыз. Келер ұрпақ және біздер осы кісілердің әрдайым ерліктерін және елімізге сіңірген еңбектерін біліп жүруіміз керек.

Спорт шебері Анатолий Букреев әлемдегі 8 мың метрлік 14 шыңның 11-ін бағындырған. Сондай-ақ төрт рет Эверестке көтерілген. «Қар барысы» атанған альпинист 1997 жылы кезекті шыңға көтерілу кезінде қайтыс болды. Көзі тірі болғанда биыл 65 жасқа толар еді. Мүсінші Нұрлан Далбай кескіндеген ескерткіш спортшының есімін ұмыттырмайтыны анық.

Айдын Сұлтанов, Нұрлан Смағұлов қорының директоры:
-Нұрлан Смағұловтың қоры Алматы қаласына осымен үшінші мүсін сыйға тартып жатыр. Бірінші мүсіні Шәкен Айманов ағамызға арналған болатын. Алматы қонақ үйінің қарама-қарсысында орналасқан. Екінші мүсін Герольд Бельгерге арналған.

Нұрлан Смағұловтың қоры болашақта ел үшін еңбегі сіңген басқа да алматылықтардың мүсіндерін жасатуды көздеп отыр. Солардың бірі сахна шебері Юрий Померанцовқа арналады. Өнер өкілінің бейнесін Лермонтов театрының алдына орнату жоспарда бар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов