Хабар телеарнасы

2022 жылы жиі қойылған есімдер қандай?

Ат қою дәстүрінен халықымыздың наным-түсінігін, эстетикалық талғамын байқауға болады. Олай болса Балаға жақсы есім берудің маңызы неде? Ат қою дәстүрі мен әдебі туралы не білеміз? Былтыр жиі қойылған есімдер қандай? 

Қазақ халқында балаға ат қою дәстүріне ерекше мән береді. Ел арасында адамның есімі оның тағдырына әсер етеді деген пікір қалыптасқан. Нұргүл Бұлабекқызының балаларына қойған есімі ерекше: Тұрақ және Құлпыр. Қазақы есім. Қысқа әрі нұсқа.

Нұргүл Бұлабекқызы, Астана қаласының тұрғыны:
-Бір ұл, бір қызым бар. Ұлымның есімі — Тұрақ, қызымның есімі — Құлпыр. Биыл жиырма сегізге келді. Ұлым атына заты сай тұрақты, салмақты болып өсіп келеді, Аллаға шүкір! Қызымның да есімі ерекше, жиі кездесе бермейді. Құлпырып жүреді,сондай ақкөңіл, ашық-жарқын мінезі.

Қазақ дәстүрінде сәбиге есім беру — ата-әженің, ауылға сыйлы азаматтардың бұлжымайтын міндеті. «Есімін кім қойыпты? Бұл есімді кім таңдапты?» деген сұраудың астарында да үлкен мән бар.

Қалжан Қайратұлы, тарихшы, этнограф:
-Біздің дүниетанымда үлкенге мән береміз. Ауыл ақсақалы болсын, ауылдың белді азаматтарына, ел алдында жүрген кісілерге ат қойдырады. Сол кісінің көрген жолын, берекесін, өмірде жиған-терген жақсылықтарының барлығын саралай келе, сол балаға жақсы ниетпен қойдырады. Сол үлкендер ешқашан балаға жаман ат таңдамайды деп ойлаймын. Сол үшін мен ойлаймын ең бірінші үлкен кісілер, әулеттің үлкені болу керек қой.

Ұлттық статистика бюросы 2022 жылы дүниеге келген қыз және ұл балаларға қандай есімнің жиі қойылғанын жария етті. Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды көркем ат қоюға шақырады. Дінімізде дұрыс есім беру баланың әкесіндегі 3 хақысының бірі саналады.

Әділхан Серікбай, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы:
-Саид ибн Мусайиб деген кісінің әкесі Пайғамдардың алдына барған кезде, «Сенің есімің кім?» — деп сұрайды. «Менің есімім Қайғы», — дейді. Пайғамбар «Онда сенің есімің Қуаныш болсын», — деп атын өзгертпек болады. Ол кісі «әкемнің атын өзгертпеймін...», — деп келіспейді. Кейін сол кісі үйінен ешқашан қайғы, уайым арылмағанын айтып өкінген екен. Сондықтан жақсы ниет қылып, балаға жақсы ат қою керек. Шариғатта бұл әкенің үлкен міндеті болып табылады.

Жақсы есім баланың болмысына, тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Оған өзінің есімінің артықшылықтарын, өзімен аттас тұлғалардың өмірі, жеке қасиеттері туралы жиі айтып отырған жөн. Сонда ізгі қасиеттер баланың бойына да даритын болады.

Авторлары: Нұрсәуле Мұқанқызы, Аманжол Байғазин