Хабар телеарнасы

Алматы саяхатшылар шаһарына айналды

Әсем қала әсіресе тауларымен танымал. Мысалы, Шымбұлақ шаңғы мен сноуборд тепкенге таптырмас жер. Ойқарағай мен Көкжайлаудың сұлу табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал Медеудің аты әлемге мәшһүр.

Ольга Овчарова, қала тұрғыны: 
- Шымбұлақ пен Медеу Қазақстанның ғана емес, әлемнің інжу-маржаны деп атар едім. Оны тек келіп, көзіңмен көру керек. Сонда ғана оның кереметтігін, әсемдігін сезінесің. Өз басым шетелде біздің табиғатқа жетер жер жоқ деп есептеймін. Қызым қысқы спорт түрімен айналысады. Ал өзім тауға шығып жаяу жүріп қайтам. Туристерді көптеп тарту үшін көбірек жарнамалау керек.

Шымбұлақ демекші, қазір қалалық әкімдік оған қатысты арнайы жоба дайындап жатыр. Оны жүзеге асырған жағдайда Шымбұлаққа жанар-жағармаймен жүретін автокөліктердің көтерілуіне тиым салынады.

Әлішер Әбдіқадыров, қала әкімінің орынбасары: 
- Қазір ол жерде тұратын тұрғындар машиналарын электр қуатының күшімен жүретін көлік құралдарына ауыстырып жатыр. Таулы өңірде 54 коттедж орналасқан. Бәрінің иесімен сөйлестік, ешкім қарсылық білдірген жоқ. Мұның барлығы қоршаған ортаны қорғау үшін жасалып отыр.

«Алматылықтар мегаполисте туризмді дамытуға қатысты қолға алынып жатқан жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу керек», – дейді. Ең алдымен қала тазалығы ескеріліп, қонақүйлер мен қонақжайларда, қоғамдық тамақтандыру орындарында сапалы қызмет көрсетілуі тиіс.

Ұлан Сәукенбаев, қала тұрғыны: 
- Туризмді дамыту үшін ең бірінші бізге тазалық керек. 3 Ж, 4 Ж дегенді дамыту керек цифравизацияны. Бірінші туристер Орталық Азиядан келе бастайды. Өзіміздің көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан деген сияқты. Одан басқа Ресейден келе бастайды. Сонда кейін Еуропадан келе бастайды.

Ал сала мамандары қол қусырып отырған жоқпыз дегенді алға тартады. Биыл Іле Алатауы ұлттық паркінде 150-ге жуық шақырым жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылып, 2GIS платформасына енгізіліпті. Сонымен қоса Англия, Румыния, Индонезия, Үндістан сияқты елдердің туроператорларымен келісімшарт жасалды. Биыл үш тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы туристер саны 1млн 300 мыңға жеткен. Ал былтыр жыл бойы 1 млн 200 мың саяхатшы Алматыға арнайы ат басын бұрған. Шетелдіктердің дені ТМД, Еуропа, Араб мемлекеттерінен және АҚШ пен Латын Америкасынан келген.

Бауыржан Пазылхайыр, «Туристік ақпарат орталығы» директорының орынбасары: 
- 2019 жылы пандемияға дейін 1,3 млн турист келді. Биыл тек 9 айдың көлемінде ғана. Жылдың соңына дейін әлі өседі. Жалпы Алматы қаласында 3 тоқсанның қорытындысы бойынша 383 орналастыру орындары бар. Соның ішінде 5 жұлдызды, 4 жұлдызды басқа да орналастыру орындары осы орналастыру орындарымен 9 ай көлемінде 37 млрд теңгеге қызмет көрсетілді. Осы 9 айдың ішінде туризм саласына 53 млрд теңге инвестиция құйылды.

Келесі жылы Алматыда халықаралық деңгейде бірқатар іс-шара өтеді. Олардың мақсаты медициналық және этномәдени туризмді дамыту. Сондай-ақ бірнеше елге жаңадан әуе бағыттары ашылады. Бұл да шетелдік саяхатшылардың санын көбейтуге септігін тигізеді деген болжам бар.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов