Хабар телеарнасы

Көкшетаудағы мектептің құрылысы 7 жылдан бері аяқталар емес

Алайда құрылыс мерзімі тағы шегерілді. Оқушылар қалаға немесе Красный Яр ауылына қатынап оқуға мәжбүр. 

Алданияз Балташев, оқушы: 
- Мынау мектеп 7-8 жыл салынып жатыр. Күтіп жүрміз ашылғанын. Себебі қаладағы мектепке бару үшін 30-40 минуттай керек. Сабаққа кейде үлгермей қаламыз. Автобустарда тоқтамайды. Қазір мен 7 сыныпта оқимын. Сол бірінші, екінші сыныптардан бастап әлі салынып жатыр.

Роза Есмағанбетова, қала тұрғыны: 
- Балалар да өсіп қалды. Енді осы желтоқсанда ашамыз деген. Енді келер жылы ашылады деп естідік. Білмеймін не деген пәле мынау созылып қалған.

Төңіректе төбеттен басқа тірі жан көрмедік. Техникалар тоқтап тұр. Мәселенің мән-жайын облыстық білім басқармасынан сұрадық. 

Ботагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы сұрақ қойылған кезде кәдімгідей қынжылам. Себебі жеті жылға созылды мектептің құрылысы. Бұл жерде өтініш беруші құрылыс басқармасы. Біз өтінімде қанша қажеттілік бар, неше орын тапшылығы бар соған береміз.

Мектеп құрылысы 90% аяқталды. Енді тек сыртқы әрлеу жұмыстары қалды,— дейді құрылыс басқармасының мамандары. Жұмыстың тұралап қалуына материалдардың күрт қымбаттауы себеп болған.

Рауан Оспанов, облыстық құрылыс басқарамасы  басшысының орынбасары: 
- Келер жылы құрылыс аяқталады. Мердігерлерде сендіріп отыр. Біздің жоспар бойынша жаңа оқу жылының қарсаңында мектепті пайдалануға береміз.

Осылайша тиісті сала өкілдері биыл оқу ошағы пайдалануға беріледі деп сендіріп отыр. Ал құрғақ уәдеден шаршаған жергілікті тұрғындар бұл сөзге сенер-сенбесін білмейді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко