Хабар телеарнасы

Ас та төк тамақ жаңажылдық дастарханның басты сәні емес — диетологтар

Бұл үнемдеу ғана емес, ең алдымен адамның денсаулығы үшін маңызды. Мерекелік ас мәзірін қалай тиімді әзірлеген жөн? Ысырапқа қалай жол бермесе болады? 

Жыл ауысар сәтте қарбалас тіршілік қалыпты жағдайға айналған. Әр отбасы сыйлықтарды сайлап, азық-түлікті артығымен алады. Әсіресе, мерекелік ас мәзіріне аса мән беру бұлжымас «заңға» айналған. Негізгі ыстық тамақтан бөлек, түрлі тіскебасарлар, тәтті торт пен жеміс-жидектерге толы дастархан әр үйде жайылады. 

Тағамға толы дастархан жайып, келер жылды молшылықпен қарсы алайық деген түсінік те бар. Бірақ мұның ысырапшылдық екеніне мән бере бермейміз. Артығымен даярланған тағамды айналдырған 4-5 сағаттың ішінде тауысу мүмкін емес. Сондықтан жаңа жыл түнінен кейін әр үйдің тоңазытқышы қалған тағамдарға толы болатыны үйреншікті көрініс. Әсіресе түрлі дәмдеуіштер қосылған салаттарды тұтынуда абай болған жөн, — дейді мамандар.

Бақытбек Рәбілұлы, сауықтыру орталығының басшысы: 
- Біз көп жағдайда ысырапшылдыққа бой алдырып, небір зиянды заттарды қолданып, сол өзіміздің Алланың берген ең құнды денсаулығымызды құртып жатамыз. Жаңа жылда қойылатын тамақтың барлығы, 99% десем, артық айтпайтын шығармын, қанттан жасалған тағамдар. Бұны біз ішеміз, содан кейін мереке қарсаңында ауруханалардың барлығы балалар, ересектерге толады.

Талшын Артыққызы, нутрицолог: 
- Майонез, әртүрлі ГМО бар, әртүрлі транс майларға бай, соустарды қолданып жатамыз. Ол көп қажеттілігі жоқ. Ол нәрсеге, өйткені жалпы трансмайлар біздің ағзамызға енгеннен кейін жалпы ол нәрсені, қорытуымыз үшін шамамен 3-4 күн керек болады. Біздің бауырымыздан шығып кетуі үшін. Сондықтан бір күндік жаңа жыл үшін ағзамызды улаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

 Ас та төк дастархан қалтаға ғана салмақ емес, ағзаға да ауыр екені рас. Ал мерекелік дастарханды үнемді, әрі берекелі етіп жаюға әбден болады, —, дейді кәсіби аспаз Жанат Темірханқызы.

Жанат Темірханқызы, кәсіби аспаз: 
- Үш түрлі салат жетеді, бір үлкен отырыстың өзіне. Шетелден келетін қызыл балығымыз бар, шаяндарымыз бар. Келу жолақысының өзі олардың бағасын көтеріп жібереді. Ал дәл сондай қылып, керемет дәмді қылып, біз өзіміздің кішкентайымыздан жеп келе жатқан сазанымыз бар қуырылған, сол қызыл балықтың орнына,  қызыл балыққа қарағанда сазан әлдеқайда дәмді және ол біздің ағзамызға сіңімді.

Қазір дұрыс тамақтану сәнге айналған. Бірақ оны ұстануға көп жағдайда адамдардың ерік-жігері жетпей жатады,— дейді мамандар. Ал жаңа жыл түні табиғи коллаген, белоктың қорын толықтыратын холодецті дайындауға болады. Сонымен қатар аспаз витаминдердің көзі саналатын қызылшадан түрлі салаттар жасауға кеңес береді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Мұхит Құдықбаев