Хабар телеарнасы

Alageum Electric компаниясының құрылғанына 25 жыл

Холдингтің құрылуы Қазақстандағы электр-техника жасау саласының тарихындағы маңызды қадам болды. Кәсіпорын электр-техникалық өнімдерді жобалауға, өндіруге және монтаждауға маманданған. Отандық өнім еліміздің стратегиялық маңызды нысандарына қызмет көрсетеді және экспортталады. Холдинг ел қазынасына жылына 15 млрд теңгеден астам салық төлейді.

Alageum Electric компаниясы ішкі және сыртқы нарықта ширек ғасырдан бері жұмыс істеп келеді. Оның құрамына Кентау, Шымкент, Петропавл және Орал қалаларындағы 4 трансформатор және 10 электртехникалық өнім өндіретін зауыты кіреді. Кентау трансформатор зауыты холдинг құрамындағы ең көне кәсіпорын. Мұнда Қазақстанда ғана емес, халықаралық нарықта да сұранысқа ие 400-ден астам өнім шығарылады.

Талғат Якупов, инженер-технолог:
- Бұл цехта трансформатордың белсенді бөлігін орау, құрастыру технологиялық процестері өтеді. Барлық цех автоматтандырылған жаңа технологиямен жабдықталған. Бұрынғыдай бөлшектерді қолмен жинамаймыз, дәнекерлеуден бастап, құрастыру жұмыстарына дейін роботтар жасайды.

Alageum Electric компаниясы кәсіпорындарында технологиялар мен жоғары технологиялық өндірісті басқару жүйесі үнемі жетілдіріліп отырады. Холдинг өз қызметкерлеріне де қамқорлық жасайды. Біліктілігін арттырып, баспанамен қамтамасыз етеді. 25 жылда 650 қызметкер баспаналы болған. Айта кетейік, холдинг құрамында 5 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Серғазы Күнтуаров, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы:
- Дүние жүзінде осы соңғы 3-4 жылдың ішінде ойлап шығарылған жаңа технологиялардың барлығын әкеліп, енгіздік. Швецариядан да, Италияда да, Германиядан, көп елден технологияларды әкелдік. Ең заманауи технологиялардың барлығын енгіздік.

Alageum Electric компаниясы қазір жаңа кәсіпорындарды іске қосып, ғылымды қажет ететін өндірісті кеңейтуді алдына жаңа мақсат етіп қойып отыр.

Авторлары: Жандос Жумабеков, Ерболат Әбіш