Хабар телеарнасы

Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіші 28% төмендеді

Тыныс алу аурулары мен туберкулезден тәуір болғандар көбейіпті. Обырдан көз жұматындар азайған. Өлімге әкелетін жарақат та кеміген. Мұндай статистиканы Сенатта өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

Сондай-ақ жиында мамандар қатерлі ауруларға ұшырамау үшін тұзды аз тұтынуға кеңес берді. Қазақстан тұзды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған қауіпсіз деңгейден 4 есе көп қолданады екен. Бұдан бөлек, Үкімет сағатында «Аңсаған сәби» бағдарламасының аралық нәтижесі туралы айтылды.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Елімізде 7 000 квота былтыр таратылған болатын. 3 мыңнан астам әйел жүкті болып, көптен күткен 2 431 бала дүниеге келіп, көптеген отбасы бала сүю бақытына ие болды. Перинаталдық орталықтардың жағдайы сын көтермейді көп жерлерде. Жүкті әйелдер мен балаларға кешенді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін әлемдік стандарттарға сәйкес 11 заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарланды.