Хабар телеарнасы

Биыл елімізде құны 1,4 трлн теңгеден асатын 90 жоба жүзеге асады

Шамамен 11 мыңға жуық қосымша жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Еліміздің индустрияландыру картасына енген ірі жобалардың бірі — Саран қаласындағы шина зауыты. Қазір кәсіпорынның құрылысы аяқталуға жақын. Ал жыл соңына дейін сынақ түрінде алғашқы көлік дөңгелегін шығармақ. Бірінші кезекте шинаның 120-ға жуық түрін жасауды жоспарлап отыр. Әуелі жеңіл көлікке басымдық берілсе, кейін ауылшаруашылық техникаларын да қамтиды. Жылдық өндірістік қуаты 3,5 млн шина.

Александр Смышляев, шина зауытының директоры:
-Отандық шиналар әлемнің озық технологиясымен замануи құрал-жабдықтарда жасалады. Сондықтан сапасы да жоғары болады деп ойлаймыз. Арнайы зертханаларда әр өнім мұқият тексеріледі. Ең бастысы, қазақстандықтар үшін бағасы төмен, әрі жапон және неміс дөңгелектеріне бәсекелес бола алады.

28 гектар аумақты алып жатқан алпауыт кәсіпорынға ең соңғы үлгідегі заманауи қондырғылар орнатылған. Қазір жаңа технологиямен жұмыс істейтін 150 адам Ресейге оқуға жіберілді. Ақылбек Имамғазы да көршілес елдегі шина зауытында 1,5 жыл болып, біліктілігін жетілдіріп келген. Қазір осындағы жауапты мамандардың бірі.

Ақылбек Имамағзам, шебер:
-Өндірістік тәжірибеде бізге барлығын, дөңгелекті қалай жасап, қалай жинау керегін, неден тұратынын үйретті. Қолмен ұстап, көзбен көрдік. Мен Нижнекамск қаласынан 2 ай бұрын ғана келдім осында. Енді Алла жазса бірінші дөңгелекті шығарамыз ба деп отырмыз.

Ал Тараз қаласындағы гипс зауыты жылына 60 мың тонна құрғақ құрылыс ұнтағын өндіреді. Индустрияландыру картасына енген кәсіпорын тағы қосымша қондырғы орнатып, өндіріс қуатын екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Жуырда мұнда минералды ұнтақ пен гипс плиталарын шығаратын жаңа өндірістік желі іске қосылды.

Алексей Подольский, гипс зауытының директоры:
-Гипс плиталар бөлмеаралық қабырғаларды қалауға арналған. Әзірге өнімнің бұл түрі Орталық Азияда тек бізде ғана өндіріледі. Жылына 350 мың шаршы метр плита шығара аламыз. Франциядан заманауи қондырғылар жеткіздік.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, биыл елімізде дәл осындай 90 кәсіпорын іске қосылмақ. Игі жобалардың басым бөлігі Қазақстанның оңтүстік облыстары мен орталығында жүзеге асады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Мерей Бает, Зарина Зұлпыхар