Хабар телеарнасы

Биыл Ақтөбе облысының дихандары 532 мың тонна астық жинады

Жалпы жиналған агрокешен өнімі 381 млрд теңгеге бағалап отыр. Өңірде ауыл шаруашылық қызметкерлері күні аталып өтті. Сала үздіктері марапатталып, мамандар болашақ жұмыс жоспарымен бөлісті. 

Виталий Волынец 20 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Жетістіктері де жоқ емес. Биыл кеңестік кезеңнен бері қолданыстағы техниканың орнына жаңа тракторлар сатып алыпты. Жұмысшылардың да жалақысын көтеруге мүмкіндік туған. Гектарынан 12,5 центнерден түскен астықтың жартысын саудаласа, бір бөлігін тұрақтандыру қорына өткізген.

Виталий Волынец, «Комсомол» шаруа қожалығының директоры:
-Биыл астық әдеттегіден 3 есе көп шықты. Ауа-райының қолайлығын сәтті пайдаландық деп есептеймін. Көктемде ылғал мол болып, тұқымның бітік шығуына септігін тигізді. Күз мезгілінде де шашау шығармай жинап алдық.

Жалпы биыл облыс бойынша 532 мың тонна астық жиналған. Ал төрт-түлік басының өсімі 5-тен 30% дейін жеткен. Адал еңбек, маңдай терімен осындай көрсеткіштерге қол жеткізген ауыл шаруашылығының озаттары марапатталды.

Мамандар «Ауыл аманаты» жобасы өңірдің ауыл шаруашылығы саласына жаңа дем беруі тиіс деп есептейді. Себебі жеке кәсібін дамытуды көздеген тұрғындарға 2 жарым проценттік несиеден бөлек, түрлі тауар сатып алуға жеңілдіктер қарастырылған.

Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:     
- Ауылдағы жұмыссыздықтың деңгейін осы 5 жылдың ішінде 41% дейін түсіреміз деп өткенде шешім шығарғанбыз. Ауылдағы тұратын азаматтардың әл-ауқаты 2 есеге дейін өседі деген үлкен үміттеріміз бар.

Төрт-түлікті алаңсыз бағып, санын көбейту үшін білікті мал дәрігерінің болуы да шарт. Сондықтан өңірдегі ветеринария қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту қолға алынған. Жергілікті бюджет есебінен мал дәрігерлеріне 29 автокөлік сатып алынды.

Авторлары: Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков