Хабар телеарнасы

Қармақшы ауданындағы екі мектептің күрделі жөндеу жұмыстары Білім күніне дейін аяқталмады

Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі №121 мектептің іргесі 1966 жылы қаланған. Содан бері бірінші рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Асылхан Рашов, мердігер мекеменің директоры:
-Блоктың ішкі жұмыстарының бәрі бітті. Сырлау, ішін тазалау жұмыстары жүргізіп жатырмыз. Сыртқы жұмыстары бойынша алдыңғы абаттандыру жұмыстарынан тас төсеуіштерін төсеп, ертең кешке дейін жобаластырамыз. Сыртқы қаптауын да 1 қыркүйекке дейін толық аяқтап, оқушының қауіпсіздігіне зиян келмейтін қылып, жан-жағын қоршап кіргізуге жоспарлап отырмыз.

Әзірге тек оқу сыныптары ғана дайын болады. Спорт залы мен асхана секілді қалған бөлігін қазан айының ортасына дейін жөндемек. Сондықтан мектеп басшылығы «балалардың қауіпсіздігі үшін бірнеше жоспар әзірледік», – дейді.

Болат Жұмабаев, мектеп директоры:
-Аудандық кәсіптік лицейдің бір ғимаратын алып, толық 635 оқушы оқып шыққанбыз. Ол да екінші вариантымызда тұр. Үлгермеген жағдайда. Бірақ енді үлгіреміз деген сенімдеміз.

Қармақшы ауданындағы №85 мектептің де жағдайы дәл осындай.

Нұртаза Мақұлбаев, мердігер мекеменің өкілі:
-Екі блогы қалып тұр. Спорт залменен. Оларды қазанның ортасына дейін тапсыруға тырысамыз. Қауіпті жерлерді жауып тастаймыз адам кірмейтін қылып. Сосын ар жағын істей береміз.

Шаттық Шыңғысова, мектеп директоры:
-Форс-мажор деп жатады ғой. Соған байланысты біз 269 орта мектептің ғимаратын дайындап қойып отырмыз. Бала саны қазіргі таңда бізде 585. Ол мектептің сыйымдылығы 600. Сондықтан да бірінші ауысымға өзінің мектебінің балалары кетсе, екінші ауысымға біздің мектептің балалары кетеді. Сонымен қатар 2 автобус тасымалдауға дайын тұр.

«Екі мектептің де күрделі жөндеу жұмыстары жоба бойынша желтоқсан айына дейін жалғасуы керек. Алайда оқушылардың білім алуына кедергі келтірмеу үшін барыншы тез аяқтауға бел байлап отырмыз», – деген мердігер, қалған жұмыстар қазан айының ортасына дейін аяқтамақ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов