Балалар жылына орай Қызылорда облысында 80 ойын алаңы салынуда

Жасөспірімдердің жүйелі спортпен шұғылданып, үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету үшін ауыл инфрақұрылымын дамыту шаралары да жалғасын табады. Бұл – жергілікті биліктің уәдесі.

Қармақшы ауданында биыл екі бірдей спорт кешені пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Соның бірі Байқоңыр қаласының іргесіндегі Ақай елді мекенінен салынып жатыр. Бұл ауылда бұрын-соңды мұндай зәулім спорт нысаны болмаған. Жаңа кешенде 400 жасөспірімнің спорттың бірнеше түрімен шұғылдануына мүмкіндік тумақ.

Нұрбал Мырзабаев, Қармақшы аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- «Бейімделген залдар» деп айтамыз, бұрынғы ескі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, қазіргі таңда балалар сол бейімделген нысандарда шұғылданып жатыр. Алдағы уақытта осы нысандардың құрылысы аяқталған жағдайда жасөспірімдер мақсатты түрде спорт нысандарында шұғылданатын болады.

Дәл осындай денешынықтыру сауықтыру кешені Жосалы кентінде де салынып жатыр. Құрылыстың 80% аяқталған. Қыркүйектен бастап спортшыларды қабылдайды деп күтілуде. Мұнан бөлек, Балалар жылына орай облыс бойынша салынып жатқан 80 ойын алаңының 7-еуі Қармақшы ауданынан бой көтереді.

Алмасхан Досмұратов, Жосалы кенті әкімінің орынбасары:

- Ойын алаңы қолданысқа беріледі деп жоспарлап отырмыз. Біреуі осы мөлтек ауданда, екіншісі Тайшық би көшесінен салынып жатыр. Қазан айында тапсырылмақ. Тайшық би көшесі абаттандырылды. Ол жерге жаңадан науа қойылды, жаяу жүргіншілердің жолы жарық шамдарымен қамтылған.

Аудан бойынша бүгінде жүйелі түрде спортпен шұғылданатын жасөспірімдердің саны 2 200-ге жуықтаған. Бұл қармақшылық өрендердің 18% құрайды екен. «Жаңа нысандар іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш біршама жақсарады», – дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов