Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысындағы Қаракөл ауылы газбен қамтылды

Тұрғындар осыдан үш жыл бұрын ауыз суды да үйлеріне кіргізіп алған болатын. Жалпы бұл ауданда соңғы жылдары коммуналдық салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. 90 - жылдары тоқырауға ұшырап, отыз жыл бойы табиғи газды армандаған Жұрын ауылына да былтыр көгілдір отын берілсе, биыл елдімекен ішіндегі асфальт төселген көшелер саны онға жуықтады. 

Тоғыз жолдың торабынан шалғайда орналасқандығына қарамастан Қаракөл ауылына ауыз су да, байланыс желісі мен интернет те осыдан бірнеше жыл бұрын жүргізілген. Биыл көгілдір отынмен қамтылды. Жергілікті тұрғындар үшін бұл көптен күткен қуаныш. Отын тасу бейнетінен арылып қана қоймай, отбасы бюджетіне де айтарлықтай үнем болды. Себебі жылына әрбір үй кем дегенде жүз мың теңгені көмірге жұмсап келген. Табиғаты тамылжып тұрған Орқаш орманының іргесіндегі халық көгілдір отын келісімен туризмнің де тұрақты табыс көзіне айналатындығына сенімді.

Алик Мейірманов, Қаракөл ауылының тұрғыны:
-Қазіргі кезде ауылда бос үй көрінбейді. Ауылға келіп, ауылда жеке кәсіпкерлікті дамытам деуші жастар легі бар. Алғы істерін бастады. Енді мына көгілдір отын келуіне байланысты жеке кәсіпкерлік жақсы дамиды деген үміттеміз.

Табиғат аясына демалам деушілердің легі алдағы уақытта артатыны сөзсіз. Себебі жолға асфальт та төселіп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр үш көше ретке келтірілсе, биыл тағы төртіншісіне асфальт төселген. Жолды жөндеу жұмыстары аудан орталығымен екі арадағы Жұрын ауылында да қолға алынған. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 209 млн теңге бөлінді. Жергілікті мәдениет үйіне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ахмет Өтеулин, Жұрын ауылының тұрғыны:
-Бұрынға қарағанда көп өзгеріс. Кәдімгідей төбесі көтеріліп, жары ағарып, іші кеңіп жатыр. Енді мына ауылымызға газ келді былтыр. Көшелеріміз асфальталып жатыр. Соның барлығы  ауылымызға өзгеріс.

Кеңестік дәуірде іргетасы қаланған ғимараттың шатыры жаңартылып, қасбеті жөнделді. 300 орындық көрермен залы қайта жарақталып, кәсіби жабдықтар орнатылады. Бұл жобаға 88 млн теңге қаржы бөлінген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков