Хабар телеарнасы

Бір ғасырдан астам тарихы бар білім ордасы әлі күнге дейін бала оқытуға жарамды

Бір ғасырдан астам тарихы бар білім ордасы әлі күнге дейін бала оқытуға жарамды.

Ал оқу орнының ауласын ұстаздар мен оқушылар жасыл бақшаға айналдырған. Бұл құм мен соры басым шөлейтті Шалқар ауданы үшін ерекше мақтан етер орын. 

Ғимаратты мемлекеттің қорғауына алып, мәдени-тарихи нысандар тізіміне енгізуді Равиль Туюшев ұсынып отыр. Шалқарлық зейнеткер 32 жыл бойы дәл осы мектепте шәкірт тәрбиелеп, білім ордасының басшысы болған. Оның айтуынша, ғимарат 1907 жылы Шалқар станциясы теміржолшыларының балаларына арнап салынған. Артынша екі бірдей дүниежүзілік және азаматтық соғысы кезінде жауынгерлер госпиталі ретінде де қолданылыпты. Бейбіт заманда қайтадан оқушыларды қабылдаған.

Равиль Туюшев, Шалқар қаласының тұрғыны: 
-Мектепке басшы болып келгенімде ғимарат ішінде 62 пеш болатын. Мына тұрған бақтың орнында көмір сақтайтын үлкен қойма болды. От жағатын әйелдің әрбіреуі 6 пешке жауапты. Күн сайын көмірді екінші қабатқа шелектеп тасыды.

Қызыл кірпіштен қаланған ғимараттың қасбеті бәз-баяғы қалпында сақталған. Тек терезенің жақтаулары ғана ескіріп, орнына пластиктен жаңасы салыныпты. Биыл 11-ші сыныпты бітіріп, аттестат алған 49 оқушы білім ордасының 115-ші түлектері боп саналады. Мұғалімдердің айтуынша, дәріс берумен қатар мектеп әлдеқашан аудандағы өлкетану музейіне айналған.

Лариса Қоңырбаева, №5 мектеп директорының орынбасары:
-Мектепке дейінгі балабақшалар мұғалімдері өтініш жасап, мектеп бітіріп кеткен түлектеріміз осы жерге сағындық, келіп көрсек бола ма деп арнайы ат басын тіреп, оқу кабинеттерін оқу жылы барысында қарап кетіп жатады. Біздер көнені сақтап қалу мақсатында үнемі жаңартып отырамыз.

Мектептің ғимаратымен қатар ауладағы саябақ та ауданның мақтанышына айналған. Жел тұрса, тұзды топырақ көз аштырмайтын өңір үшін жайқалған жазиралы жасыл бақ. Бұл да ұстаздар мен оқушылар еңбегінің жемісі. Зейнет жасындағы Равиль Туюшев қолы қалт етсе, баққа келетінін жасырмайды.

Равиль Туюшев, Шалқар қаласының тұрғыны: 
-Көздің жауын алатын мына әсем саябақ оқушылардың жүрегін эстетикаға, сұлулыққа тәрбиелейді. Табиғатты бағалап, қоршаған ортаны қорғауды үйретеді. Ағаштардың саясындағы балалар да, ұстаздар да таза ауамен демалады. Мектепте алған тәрбиені өмірлік серік етіп, оқушыларымыз үйінің ауласын жайнатып қойса, қалада жасыл-желек көбейер еді.

Мыңнан астам оқушы білім алатын 5-ші мектеп лицей жанынан қазір жаңа корпус салынып жатыр. 320 орындық нысан жуырда қолданысқа берілуі тиіс. Сондықтан жергілікті тұрғындар: «Тарихы терең білім ордасының ескі ғимараттын сақтап, мемлекет қорғауына алынса игі болар еді», – дейді.


Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков