21:00Эфирде: Тұсаукесер! "Көзімді жұмсам да..."
23:00Әрі қарай: Телесериал. "Вторая жизнь Евы"
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Оңтүстік Кореяға виза аштырамыз деп 60-тан астам адам алданып қалды

  • Категория: Қоғам
Оңтүстік Кореяға виза аштырамыз деп 60-тан астам адам алданып қалды

Оңтүстік Кореяға барып, жақсы жұмысқа орналасуды жоспарлаған 60-тан астам адам сан соғып қалды.

Өйткені виза ашып береміз деген «Easy Visa» компаниясы уәдесінде тұрмаған. Әр адамнан 700 мың теңгеден жинап алған фирма жұртты бірнеше айдан бері сандалтып жүр. «Таңғы шық» елінен күдер үзгендер енді компанияға берген қаржысын қайтара алмай әлек.

Бұл – Оңтүстік Кореяға виза ашып береміз деген «Easy Visa» компаниясының клиенттері. Екі айдан бері құрғақ уәдені қанағат тұтып келе жатқан тұрғындар туристік фирманың табалдырығын тоздырып жүр. Компания мамыр айында 60-тан аса адамның әрқайсысынан 700 мың теңгеден жинап алған. Маусымда дайын болады деген визадан әлі хабар жоқ.

Ырысбек Қасқарауов, жәбірленуші:
- Бізге 100% кепілдік береміз деген. Ақшамызды алды. K-ETA-да қабылдамады. Одан кейін визаға апарып едік, оны 20 күн күттік. Ол да болмады. Ақшамызды қайтарайық деп келсек, компания иесі жоқ. Бірінші күні 20-30 адам жиналғанбыз. Оның дау шығарғандарының ғана ақшасын берді да, қалғанын бермей қойды. Біз осы жерге үш апта бойы келдік.

Рахат Майлыбаев, жәбірленуші:
- Мен өзіме, келіншегіме 648 мың теңгеден құйғам. Өзім 7-8 ай жұмыссыз болғам. Сол жұмыс таппағандықтан, Кореяға кетуім керек болды. Несие алған ақшамнан бердім, мына жақтан банк қызметкерлері мені қысып жатыр, ал компания иесі жоқ.

Адамдарды алдап соққан компанияның ғаламторда арнайы парақшасы бар. Онда шет елге виза ашу жолдары туралы бірнеше бейнеролик жарияланған. Көбі: «Осы жарнамаға және жазбаша келісімшартқа алдандық», – дейді. Қомақты қаражатты жинап алған фирма басшылары екі айдан бері телефонға жауап бермейді, кеңсеге келсе есік ашпайды екен.

Шыдамы таусылған жәбірленушілер қалалық Полиция департаментіне арыз жазған. Қазір «Easy Visa» компаниясына қатысты іс қозғалған.

Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Аталмыш азаматтардың арызы Алматы қалалық Полиция департаментінде тіркеліп, қылмыстық істі жүргізу үшін Алмалы аудандық Полиция басқармасына жөнелтілді. Ол жақта азаматтардың арызы соталды бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тіркеліп, алаяқтық дерегі бойынша қазіргі таңда тергеушілер бұл істі өз өндірісіне алды.

Жәбірленушілер: «Ең құрығанда ақшамызды қайтарып алсақ», – дейді. Сондай-ақ осы фирманы лицензиясынан айыруды талап етіп отыр. Өйткені басқа адамдар зардап шегуі мүмкін.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев

Сондай-ақ...