Хабар телеарнасы

Кіші Шаян өзеніндегі су деңгейі төмендеп кетті

Соның салдарынан өзеннің табаны тереңдеп, су төмен түсіп кеткен. Енді ол жерден мал су іше алмайды. «Көпірімізге де қауіп төніп тұр», - дейді ауыл тұрғындары.

Кіші Шаян өзені Ағыбет ауылының ортасымен өтеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көктем мезгілінде жауын-шашын мен еріген қар суы өзеннің ернеуіне дейін жетеді. Тасқын су арықтың табанындағы тастарына дейін ағызып әкеткен. Соның салдарынан су төмендеп, деңгейі түсіп кеткен. Халық: «Өзеннің бірнеше жерінен бөгет салынса, сонда судың деңгейі көтерілер еді», - дейді.

Сейдалы Әмірбеков, Ағыбет ауылының биі:

- Мына көпірді 1983 жылғы ауылдың балалары салып берді. Бұның да құлауына шамалы қалды. Осы жағдайларды елеп-ескеріп, мына жерден бізге қарай тіке 13-14 бөгет жасау керек. Соны істеп берсе, біздің басқа арманымыз жоқ. Тоған істесе, су іркіліп тоқтайды. Содан кейін судың деңгейі көтерілетін шығар деген үміт бар.

Кіші Шаян өзені көктем мезгілінде тасып, асау мінез танытқанымен, жаз айларында тартылып кетеді. Су табанында ғана қалады. Жағасы терең жар болғандықтан, тұрғындар төрт түліктің түсіп, су ішуіне қиындық туғызып отырғанын айтады. Одан бөлек жар құлай-құлай электр бағаналарына да жақындап қалған. Осыдан кейін аудан әкімдігі ауыл тұрғындарының өтініші бойынша облыстық ТЖ комиссиясына хабар беріп, арнайы мамандар шақыртқан. Олар зерттеп-зерделеп, нәтижесінде, 71 млн теңге қаржы бөлу бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленген. 

Бақыт Қырғызалиев, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары:

- Төтенше жағдай комиссиясы облыстық экономика басқармасына сметаны ұсынған. Қазір нақтылауды күтіп отыр. Шешімін табады деген ойдамыз, себебі әрбір жиналыста, басқосуда осы мәселе көтеріліп жатыр. Шешімін табуға барынша жұмыс істейміз.

Жауаптылардың айтуынша, қажет қаржы бөлінсе, өзен арнасына биыл бірнеше жерден бөгет салынады. Ол тек өзендегі су деңгейінің ғана емес, құдық суының да көтерілуіне ықпал етеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов