Хабар телеарнасы

Аралды қалай сақтап қаламыз?

Бұл – 17 жылдан бері жауабы табылмай келе жатқан күрделі сауал. Күлтөбенің басында күнде жиын. Аққу, шортан һәм шаян секілді сушылар мен экологтар және ғалымдар пікірі бір жерден шығар емес. Күн тәртібіндегі мәселеге арнап, кезектен тыс 27-ші мәжілісін өткізген Арал-Сырдария бассейндік кеңесінде тағы нақты шешім айтылмады.

Әлемдік банк берген 16,5 млн долларға САРАТС-тың алғашқы кезеңі жүзеге асып, кіші Арал кемеріне келіп, 20 мыңдай балықшының нәпақасы артқан болатын. Ол қарыздан Қазақстан жуырда құтылыпты. Енді жаһандық қаржы ұйымы өңірдің экологиялық апат шеңгелінен құтылуы үшін 190 млн доллар қайтарымсыз грант бөліп отыр. Жеделдетіп, жоба ұсынудың орнына отандық ихтиолог мамандар мен сала шенеуніктері 4 нұсқаның қайсысын таңдарын білмей дал.

Анатолий Рябцев, «Казгипроводхоз» ЖШС бас директоры:

- Бірінші нұсқа – Көкарал бөгетін биіктетіп, теңіз суын 48 метрге жеткізу. Екіншісі – Сарышығанаққа жаңа бөгет салу. Келесі нұсқа – Көкарал бөгетін көтеріп, Қамбаш көлінен Сарышығанаққа құятын қосымша канал қазу. Соңғы нұсқада Көкаралды 50 метрге көтеріп, ұлы теңізге тамшы тамызбай кіші Аралды суға толтыру ұсынылған. Бірақ оған 17-20 жыл керек екен.

Аталған нұсқалардың ішінен тиімдісі таңдалып, техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуге ирандық компания өкілдері дайын. Бірақ сіздерге құр шелек керек па, әлде су керек па? Шетелдік жобалаушылар әуелі соны айқындап алу қажеттігін айтады. Бөгет көтеріп, жан-жағын қымтап алып, оған тіршілік нәрі келмесе, не қайыр? «Сондықтан мәселені жоғарыдан, яғни Сырдария бастауынан іздеу керек. Ол үшін жауын-шашын, еріген қар суын жинақтайтын көлдер жүйесін жаңартып, тоспаларды бүтіндеудің пайдасы зор», – дейді Иран құрылысшылары. 

Мехди Шафиифар, Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуші мекеме филиалының  басшысы:

- Иранда Аралмен тағдырлас көл бар. Ол да антропогендік әсерден зардап шеккен. Ысырапшылдықты жойып едік, көлдің жағдайы жақсара бастады. Жалпы біздің мекеменің гидросалада 20 жылдық тәжірибесі бар. Теңіз маңын бір жыл зерттеп, жобаның өзін үш жылда жүзеге асыра аламыз.

Ал экологтар: «Ақшаға қызығып, шала жобаға ұрынып қалмауымыз керек», – дейді. Арал – жай географиялық атау емес, үдере көшуге даяр халықты аймаққа қоныстандырып отырған әлеуметтік маңызы ерек айдын.

Сайлаубай Жұбатырұлы, эколог:

- Біз адами тұрғыдан келсек, жалпы экология мәселесі қазір күн тәртібінде өте қиын жағдаймен кездеседі. Бізге сол бір деңгейлі теңізді алу керек. Жұмыс алгоритмі жақсы құрылды. Енді соның артынан нәтижесі қандай? Соны қадағалауымыз керек. Қоғам адамы, сол халықтың өкілі ретінде жақсы нәтижесін күтудеміз. 

Дегенмен қазақстандық сушылар жыл аяғына дейін бір нұсқаны таңдауы тиіс. Өйткені әлемдік банк келесі жылы грантты жауып тастамақ. Сол себепті қайтарымсыз қаржыдан қағылмауы үшін бассейндік кеңес мүшелері күзде нақты шешім қабылдайтын болып уағдаласты. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев