Хабар телеарнасы

Шаян ауылындағы көпсалалы спорт кешені қашан іске қосылады?

Ішінде тіпті теннис ойнайтын 5 алаңы мен шомылуға арналған бассейіні бар. Шыны керек, еліміздің көп аудандарында мұндай кешен жоқ. Жергілікті тұрғындар осылай деп мақтанады әрі наразылығын білдіреді. Өйткені әлгі бассейннің «бассейн» деген аты болмаса, ішінде асыр салып жүзіп жүрген бала жоқ.

Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылындағы көпсалалы спорт кешені 2019 жылы пайдалануға берілген. Заманауи ғимаратты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауданда құс шаруашылығымен айналысатын Біріккен Араб әмірлігінің компаниясы салып берген. Жоба құны – 1 млрд теңге. Мұнда бір бассейн мен теннис корты және 5 спорт алаңшасы бар. Ауданда орталықтандырылған кәріз жүйесі болмағандықтан, қазір бассейндегі суды жиі-жиі ауыстыру мүмкін болмай тұр. Сондықтан ата-аналар: «Басшылар осы мәселені тезірек шешіп берсе», – дейді.

Бақытжан Жұмаділдә, Бәйдібек ауданының тұрғыны:

- Кәріз жүйесіне қосылғанда бассейн тоқтамас еді. Осы аудан орталығынан, ауылдардан талай балалар келіп, жаттығып, сол бассейнді пайдаланатын еді. Осы мәселені басшылар назарға алса екен. Өйткені бұндай су кешені, теннис корты көп аудандарда жоқ. 

Аталған спорт кешені әу баста пайдалануға берілген кезде Түркістан облыстық №3 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің иелігіне табысталған. Барлық құжаттары рәсімделіп, аталған мектептің меншігіне өткізілген. Аудандық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, облыстық Қаржы басқармасы Экономика басқармасына су спорт кешеніне кәріз жүйесін салу бойынша қаржы бөлуге ұсыныс берген.

Бақыт Қырғызалиев, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары:

- Аудан орталығында орталықтандырылған кәріз жүйесі болмағандықтан, қолдан қазылған кәріз құбыры толып қалып жатыр. Алдағы уақытта кәріз жүйесін кеңейту және тағы да кәріз жүйесін қазу бойынша облыстық Спорт басқармасы алдағы бюджетті нақтылау бойынша комиссияға ұсыныс берген. Сол нақтылауда қаржы бөлсе, мәселе шешімін табады.

Мұнда күрес, бокс, теннис, футбол, баскетбол, каратэ сияқты спорттың бірнеше түрінен үйірмелер жұмыс істейді. Жабық теннис кортында балалардың спортпен емін-еркін айналысуына барлық жағдай жасалған. 35 бапкер жасөспірімдерді спортқа баулиды. Ал жүздеген баланың асыға күтіп жүрген жүзу бассейнінің мәселесі біздің назарда болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов