Хабар телеарнасы

Күзде минералды ресурстардың дерекқоры іске қосылады

Бүгінде геологиялық барлау жұмыстары тағасына тас батқан аттай кібіртіктеулі күйде. Бұл саланың қамшы салдырмас асаудай алға жылжуы үшін атқаратын шаруа шаш етектен. Соның бірі – аэрогеофизикалық жұмыстар жүргізу. Онсыз геология саласы дамымайды. Пайдалы қазбаларды іздеуде бұрынғыдай жерді бұрғылаудың қажеті де жоқ. Тікұшақ арқылы ақылды жүйе адам үшін бәрін жасайды. Бұл – жер қойнауын пайдаланушылар жұмысының іргетасы.

Жеке компаниялар оларды құруға көмектесуге дайын, бірақ ол жұмысты жүргізетін құрылғы қалың қоймада құлттаулы күйде.

Саид Сұлтанов, геологиялық барлау компаниясының құрылтайшысы:

- Бұл – үлкен аумақтарды қамтудың ең тиімді және бірінші тәсілі. Қазақстан – үлкен мемлекет. Бізге аэрогеофизика қажет. 70-ші жылдары аэрофизикалық жұмыстар жасалған болатын. Содан кейін тоқтап қалды. Бізге келген ірі шетелдік компаниялар бірінші болып аэрогеофизикалық зерттеулерден бастайды. Қазақстанды аэрогеофизикалық зерттеулермен қамтып, одан кейін орындарды ашуға болады. Ұлттық деректер банкін жасай алмадық, ендеше аэрогеофизикалық зерттеулер арқылы түрлі жолдарды табуға болады.

Ұлттық деректер банкі осыдан 5 жыл бұрын пайда болуы тиіс еді. Бұл Жер қойнауы туралы кодекстің негізгі тармақтарының бірі болатын және сол уақытта мемлекеттік өнеркәсіпке жеке инвесторлар да келе бастады. Осы кезде барлық ақпарат іс жүзінде жабық екені белгілі болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкін құруды осыдан 3 жыл бұрын тапсырса да, жабулы қазан әлі жабулы күйінде. «Мұның себебі қаражат пен технологияда емес, мемлекеттік органдардың депозиттер туралы ақпаратты ашық айтқысы келмеуінде», - дейді мамандар.

Тимур Одилов, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексті әзірлеу тобының мүшесі:

- Егер ол пайда болса, бос жерлерді, мүдделерді, геологиялық ақпараттың қара нарығын жояды. 2017 жылдан бастап мәліметтер базасы жоқ, яғни Геология комитеті қайта жасақталмады. Ақпараттық база тек физикалық түрде, яғни қағаз жүзінде ғана бар. Яғни сіз субъективті фактормен – адамдармен бетпе-бет келуіңіз керек.

Қарапайым тілмен айтқанда, пайдалы қазба қоры туралы деректерді қалыптастыру жер қойнауын зерттеуге лицензия алу процесін толығымен автоматтандырады. Яғни сыбайлас жемқорлық фактілерін жояды. Жүйе жасалса «Басым өтінім» режимі пайда болады. Яғни инвесторға жер телімі біреуге «ұнағаны» үшін емес, оның базадағы өтінімі бірінші тұрғаны үшін беріледі.

Тимур Одилов, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексті әзірлеу тобының мүшесі:

- Мұның бәрі Кодексте жасалған. Әрбір өтінім жариялануы керек. Бірінші өтінімнің мәртебесі де жарияланады. Яғни бәрі бір-бірін көре алады. Қазір барлығы қағаз жүзінде жасалады. Мен кеңсе арқылы өтініш беремін. Өтінішімнің қашан келгенін білмеймін.

Неліктен әлі күнге дейін елде Минералдық ресурстар деректерінің банкі жоқ деген сұраққа Геология комитеті қырық сылтауды құбылта жөнелді. Оның бірі – техникалық тапсырманың күрделілігі, екінші – коронавирус пандемиясы және басқа да мәселелер жетерлік екен.

Жанат Кәрібаев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ бас директоры:

- Конкурс 2019 жылдың күзінде өтті. «Транстелеком» компаниясы отандық бес компанияның консорциумында жеңіске жетті. Олар бұл жүйені дамыта бастады. Бірақ бұл процесс аяқталмады.

Министрлік өкілі «Компания өз міндеттемелерін орындай ма?» деген сауалымызға «Мен бұл сұраққа жауап беруге құзіретті емеспін», Мемлекеттік геологиялық барлаудың ұлттық операторы – Геология комитетінің еншілес ұйымы «Қазгеология» компаниясы деп қысқа қайырды.

Міне, осындай сапасыз жұмыстар үшін 14 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Экология министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялаған болатын.

«Қаржы бөлінді. Алайда бұл маңызды міндет әлі орындалмады, сылтау көп. Бұл ретте біліктілік жоқ па әлде қасақана орындалмай отыр ма? Орындаушылар үшін түбі жақсылыққа апармайтынын ескертемін. Бұл, ең алдымен, тиісті министрлікке, сондай-ақ басқа да ведомстволарға қатысты. Министрге сөгіс жариялаймын», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Құралай Жұмахан, тілші:

- Менделеев кестесіндегі барлық элемент елімізден табылады деп жар салғанда дауысымыз жер жарады. Алайда сол жер астындағы қазба байлықты игеруге келгенде бүгінгі күні кежегеміз кейін кетіп тұрғаны қынжылтады-ақ. Шенділер: «Пайдалы қазбалардың Ұлттық деректер базасы келер жылы іске қосылады», - деп жұбатуда. Бұл уәде соңғысы болар деп үміттенейік.

Авторлары: Құралай Жұмахан, Қанат Әбілдин, Серік Қоңырбаев