19:00Эфирде: Қорытынды жаңалықтар. Біздің мақсат
20:00Әрі қарай: Тұсаукесер! "Келінжан 4"
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Түркістанда отандық тауар өндірушілердің үздік өнімдері ұсынылды

  • Категория: Қоғам
Түркістанда отандық тауар өндірушілердің үздік өнімдері ұсынылды

Тамақ және жеңіл өнеркәсіп, қайта өңдеу мен құрылыс өнімдері, өндірістік-техникалық және өнеркәсіп жабдықтар.

Отандық тауар өндірушілердің үздік өнімдері Түркістан қаласында өтіп жатқан «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қойылып, жұрт назарына ұсынылды.

Өңірдегі үздік тауар өндірушілерді анықтайтын ауқымды шараға алғашында жүзден аса кәсіпкер қатысуға ниет білдіріпті. Алайда байқаудың шарты мен талабына сәйкес, сапалы өнім шығаратын, бәсекеге қабілетті тауар өндірушілер іріктеп алынған.

Шахиста Жалилова, жиһаз фабрикасының өкілі:

- Осымен екінші рет көрмеге қатысып тұрмыз. Қазіргі таңда біз темір орындықтар, асхана жиһаздарын шығарамыз. Бір күнде 400-500-ге дейін орындық, 150 үстел шығады. Өнімге сұраныс көп. 150 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.

Бөкейхан Әбішов, сүт өнімдерін шығаратын серіктестіктің бас директоры:

- Біздің кәсіпорын табиғи таза өнім өндіреді. Болашақ ұрпақ, халқымыз тек таза, адам ағзасына пайдалы сүт өнімдерін тұтынсын деген мақсатпен істеп отырмыз. Бүгінгі байқаудан үмітіміз көп.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Көрме-байқаудың Түркістанда өткізілуі – жергілікті тауар өндірушілер үшін өз қарым-қабілеті мен әлеуетін көрсетуге таптырмас мүмкіндік. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер көрме қонақтары мен қатысушыларына түрлі сүт өнімі, кондитерлік тағам мен халық тұтынатын тауарлар және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын төмен бағамен ұсынып жатыр.

Көрме-байқауға өнеркәсіптік, өндірістік-техникалық және азық-түлік тауарларын өндіретін 80-ге жуық кәсіпорынның түрлі өнімі қойылды. Олардың көбі бұл байқауға бірнеше рет қатысып отырғандықтан, сапа менеджментінің жоғары стандарттарына ие болды.

Жанна Тілеубекова, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Бүгінгі күн кәсіпкерлердің күні деп айтуға болады. Өйткені кәсіпкерлердің өз тауарларын көрсетуге мүмкіндігі бар. Олар «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік өндірістік тауарлар» аталымы бойынша марапатталады.

Арнайы байқау комиссиясы үш аталым бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Өңірлік іріктеу кезеңінің лауреаттары күздің күні елордада ел Президентінің қатысуымен өтетін «Қазақстанның Үздік Тауары» республикалық байқауына жолдама алады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов

Сондай-ақ...