19:00Эфирде: Қорытынды жаңалықтар. Біздің мақсат
20:00Әрі қарай: Тұсаукесер! "Келінжан 4"
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Оралдағы ойын алаңдары балалар үшін қауіпті орынға айналды

  • Категория: Қоғам
Оралдағы ойын алаңдары балалар үшін қауіпті орынға айналды

Бір апта бұрын ғана Оралдағы ойын алаңында футбол қақпасы құлап, 11 жастағы баланы басып қалған еді. Тағы екі жасөспірім жаттығу жасап жүріп саусағынан айрылды.

Ғалия Есеналиева 11 жастағы немересінен айырылып қалғанына әлі күнге дейін сене алар емес. Құлдырыңдаған құлыны әне-міне келіп қалардай сезінеді. Қайғылы жағдайды марқұм Нұрамир Сапарбековтың достары әкеп қойған гүлшоқтары мен ойыншықтар еске салып тұр.

Апасының айтуынша, сол күні немересі балалар мерекесіне барып, кешкісін аулаға ойнауға шығыпты. Оқиғаның одан ары қалай болғанын ешкім білмейді. Өйткені сыртқы бейнебақылау камералары істемей тұрған. 

Ғалия Есенәлиева, қала тұрғыны:

- Салғырттықтың салдары осындай қайғылы жағдайға әкеп соқты. Мынандай қораптарды қойды да кетті. Не істесеңдер де оны істеңдер деп. Камералар не үшін тұр? Түсірмесе. Кімге керек? Өткен жылы да бір балаға қақпа құлады? Сол кезде оның қабырғасы сынды. Бірақ аман қалды. Содан сабақ алған ешкім жоқ. Ойын алаңдарын әкімдік пе, клубтар ма өз жауапкершілігіне алуы керек.

Он бір жыл бұрын салынған әмбебап ойын алаңы қалалық клубтың меншігінде. Мекеме директорының айтуынша, құлаған қақпа жылжымалы болыпты. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында оны дәнекерлеп тастаған екен.  

Есқабыл Жалмұрзиев, «Орал» спорт клубының директоры:

- Екі қақпа да дәнекерленген еді. Өйткені балалар шығып, тартылады. Айналады. Қақпа оған арналмаған. Менің ойымша, оны біреу байқамай итеріп қалған шығар. Не болмаса біреу шайқаған шығар. Содан құлаған болуы керек. Жауапкершіліктен қашу үшін ешкім ештеңе көрмеген болып отыр.

Оралдық екі жасөспірім де ойын алаңында жүріп жарақат алды. Соның бірі – 13 жастағы Никита Кудряшов. Жаттығу құрылғысының дұрыс істемеуінен ол саусағынан айрылды. БАҚ мен полицияға түсірген шағымнан кейін құрылғы жөнделді. 

Фатима Сәтбаева, қала тұрғыны: 

- Осыған дейін ұстайтын тұтқасы болмаған. Міне, бүгін ғана әкеліп орнатып кетті. Никита осында тұрып шайқалған. Құлап кетпес үшін абайсызда осы жерден ұстаған. Сол кезде саусағын кесіп кетті. ТҮКШ бөлімінің үстінен арыз жаздық, қылмыстық іс қозғады. Содан бері бір апта өтсе де, әлі ешқандай жауап жоқ. Кешірім де сұралған жоқ.

Никита Кудряшов, оқушы:

- Енді ғана өзіме келіп жатырмын. Жарам жазылып келеді. Бәрі жақсы. Саусағымның жоқтығы өскенде қалай болады екен?  

Есқабыл Жалмұрзиев, «Орал» спорт клубының директоры:

- Бізде әрбір ойын алаңының жанында тұратын маман жоқ. Штат қарастырылмаған. Небәрі сегіз адам бар. Олар ойын алаңдарын аралап, кішігірім кем-кетігін дұрыстап кетеді. Бұзылғаны болса, бізге хабарлайды. Қала тұрғындары ойын алаңдарына немқұрайлы қарайды.

Бала өліміне қатысты полиция департаменті қылмыстық іс қозғалып, соталды тергеу амалдары жүріп жатқанын айтты. Ал қалалық әкімдік қайғылы жағдай болған әрі 40 спорт алаңына қарай алмай жатқан клубтың меншігіне тағы он бір ауланы өткізіп бермек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Ботагөз Базарбаева, Болат Жарылғасов

Сондай-ақ...