21:00Эфирде: Тұсаукесер! "Көзімді жұмсам да..."
23:00Әрі қарай: Телесериал. "Вторая жизнь Евы"
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Абай облысындағы Көкпекті ауданында балалар демалатын жазғы лагерь жоқ

  • Категория: Қоғам
Абай облысындағы Көкпекті ауданында балалар демалатын жазғы лагерь жоқ

Оқушылар бұған дейін Самар ауданындағы «Балауса» лагерінде тынығып келген. Енді олар қайда баратындарын білмей дал.

Ата-аналар қараусыз қалған бұрынғы балалар үйінің лагерін қайта қалпына келтіруді жөн санайды. Ал жергілікті шенеуніктер бұған не дейді?

Көпбалалы ана Асыл Төлешева биыл ұлдарын жазғы лагерьге жібере алмады. Балалары жыл сайын жеңілдікпен тынығып қайтатын демалыс орны өзге ауданның аумағында қалған. «Бұл жалғыз менің ғана басымдағы мәселе емес. Аудандағы мектепте баласы оқитын барлық ата-ананы алаңдатып отыр. Бұрынғы балалар үйіне қарасты лагерьді тез арада қалпына келтірсе жақсы болар еді», - дейді.   

Асыл Төлешева, Көкпекті ауылының тұрғыны:

- Сол ғимаратқа күрделі жөндеу жасап, пайдалануға берсе, жақсы болар еді. Балаларымыз демалып, жазғы уақыттарын босқа өткізбес еді. Бұл – көпбалалы аналардың арманы.

Көкпектілік аналардың айтып отырған балалар үйінің лагері 2016 жылы жабылған. Нысан аудан орталығындағы Шәйжүнісов атындағы орта мектептің балансына беріледі. 2020 жылы мұнда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, сырты қоршалып, спорт алаңдары жаңғыртылған. Бұрын пайдаланылған екі жатақхана, әкімшілік ғимарат пен асхананың терезелері ғана сынған.

Осындағы жетімдер үйінде тәрбиеленіп, кейін директор болған Галина Орсаева: «Оны қалпына келтіруге болады,-дейді.

Галина Орсаева, балалар үйінің бұрынғы директоры:

- Бұл лагерьдің менің өмірімдегі орны бөлек. Орналасқан жері де ғажап. Осындай тамаша нысанның қараусыз тұрғаны жүректі ауыртады. Мұнда бәрі бар. Өзен де, жағажай да, спорт алаңдары да бар. Балалардың демалысы үшін таптырмайтын жер.

Аудандық білім бөлімі мамандарының есептеуінше, бұрынғы лагерьдің ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу үшін 100 миллион теңге шамасында қаржы қажет. Бірақ дәл қазір ауданның нысанға ақша бөлуге дәрмені болғанымен пәрмені жоқ. Себебі, бұл жер облыстық Білім басқармасына қарайды.  

Қажет Жүнісбекұлы, Көкпекті аудандық оқу-ағарту бөлімінің әдіскері:

- Сол үшін аудандық бюджетке ауыстыру керек. Содан кейін оған қаржы бөледі. Күрделі жөндеу болған соң, қаржы көп кетеді. Жолды жасау керек. Су құбыры бар, есік-терезе бар. Жарық орнату керек.

Балалар жылына орай елдегі сауықтыру лагерьлерінің саны артқан. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл жазда республика бойынша 11 мыңнан астам балаға арналған демалыс орындары жұмыс істейді. Абай облысындағы 11 лагерьде 5 мыңға жуық бала тыныға алады. Ал Көкпекті ауданында 2 жарым мың оқушы бар. Балалар үйінің ескі лагері қалпына келтірілсе, бір ауысымда 600, бір маусымда 600-ге жуық баланы демалдыруға мүмкіндік туады.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...