Хабар телеарнасы

СҚО-да қымбатшылықтан балабақша бүлдіршіндері тамақсыз қалды

Қазір шығынға батқан олар келісімшартты бұзу жөнінде жаппай хат жазып жатыр.

Новомихайловка ауылындағы шағын орталыққа  небәрі 5 бала келді. Аспаздар олардың өзіне не пісіріп берерін білмей дал. Өйткені азық-түлік тапшы. Сондықтан ата-аналар алаңдаулы.   

Ольга Комиссарова, Новомихайловка ауылының тұрғыны:

- Бізге: «Балаларыңды таңертең өздерің тамақтандырып алып келіңдер!», – деді. Ал түсте алып кетуіміз керек. Бәріміз де жұмыстамыз. Күнде жұмыстан жібере бермейді. Міне, осындай қиын жағдайға тап болдық.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде азық-түлік қоры түгесіле бастады. Жеткізуші кәсіпкер тапсырысты соңғы рет мамыр айында әкелген. Содан бері қызметкерлер өздері тасып жүр.    

Инга Будкина, шағын орталықтың шаруашылық меңгерушісі:

- Біз ауылда тұрамыз ғой. Сондықтан картоп, қызылша, сәбіз секілді көкөністер өзімізде бар. Ас мәзіріндегі азық-түлікті үйден әкелуге тура келді. Балалар аш болмады.

Шағын орталықты азық-түлікпен қамтасыз ететін кәсіпкер бұл міндетінен бас тартқан. Оның айтуынша, бүгінгі бағалармен жұмыс істеу мүмкін емес. 

Жасұлан Қабдолов, кәсіпкер:

- Мысалы, құстың етін 1770 теңгеден сатып алып жатырмыз. Қант пен майың да қымбат. Пайдадан шығыны көп. Сондықтан білім бөліміне келісімшартты бұзу жөнінде хат жібердік.

Қазір Мамлют ауданы бойынша 16 балабақша азық-түліксіз қалды. Кәсіпкерлер жыл басында жасалған келісімшартты бұзуға дайын.  

Мұрат Ташмағанбетов, Мамлют аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Қазір мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қатысты қаулыға тиісті өзгертулер енгізіліп, тамақтандыру ақысы көтеріледі. Содан кейін жеткзізушілермен жаңа келісімшарт жасалады. Мәселе шешіледі.

Бұл – тағы да бірнеше аптаның шаруасы. Тек оны балаларға қалай айтып түсіндіресің?! 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев