Хабар телеарнасы

Петропавлдық бағбанның саяжайында бір ағашта алманың 8 сұрпы қатар өседі

Қазір Сергей Заголаның саяжайындағы бір ағашта алманың 8 сұрпы қатар өседі.

Сергей Загола 70 жаста. Қазір ол бар уақытын қала шетіндегі саяжайда өткізеді. Жай ғана өткізбей, түрлі тәжірбиелер жасайды. Мысалы, алма ағаштарын ұластырады. Ұнаған сұрпын алып, басқа бұтаққа отырғызады.

Сергей Загола, қала тұрғыны:

- Мына ағашта алманың 8 сұрпы болады. Әзірге 5-еуі жеміс берді. Қалғаны келер жылы шығатын шығар. Ұластырудың жақсы жері осы, өнім тез өседі.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Сергей Загола алмұрт ағаштарын да ұластырады. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын салынған мына бір бұтақ осындай жеміс берді.

Зейнеткер бұл саяжайды 2018 жылы сатып алған. «Ол кезде аумақты шөп басып кеткен», – деп еске алады Сергей Загола. Содан әйелімен бірге бәрін ретке келтіріп, жанға жайлы орын пайда болды. 

Сергей Загола, қала тұрғыны:

- Саяжайға сәуір айында келіп, күзге дейін осында тұрамыз. Қалаға тек қана азық-түлікке барып келеміз. Бұл жерде аянбай еңбек ету керек. Сонда ғана жемісін көресің.

Қазір бағбанның саяжайында 22 алма ағашы бар. Сонымен қатар қарбыз, жүзім өседі. Күзде осының бәрін балалары мен немерелеріне таратып береді. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев