00:30Эфирде: Тұсаукесер! "Өнеге"
01:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Тасауыл тұрғындары ауызсудан таршылық көріп отыр

  • Категория: Қоғам
Тасауыл тұрғындары ауызсудан таршылық көріп отыр

Ауылда осыдан 3 жыл бұрын 27 миллион теңгеге су құбыры тартылғанымен, сол жылы қыста қайта қатып қалыпты.

Жарылған құбырлар жөнделмеген. Қосымша 9 миллион теңге бөлінгенімен, тендерге талас туындаған.

Жергілікті тұрғындар: «Ауыл ауыл болғалы ауызсу мәселесі шешілген жоқ», - деп шағымданады. Тек осыдан 3 жыл бұрын алғаш құбыр тартыла бастағанда тұрғындардың қуанышында шек болмаған. Бірақ салғырт жұмыстың салдарынан ол сол қыста қатып қалыпты.

Хамит Құсайынов, Тасауыл ауылының тұрғыны:

- Шынын айтайын, жұмыстың бәрін немқұрайлы істеген. Таудан су келгенде құятын тереңдігі 1-ақ метр ор қазылған. Ол 1 метр Шымкент пен Жамбылға ғана жарайды. Ал біздің жақта 2,50-2,70 метр болуы керек. Сонда қалған 1,50 метрдің ақшасы қайда кеткен?

Бағдат Елебекова, Тасауыл ауылының тұрғыны:

- Кір жуа алмаймыз, балаларды жуындыра алмаймыз, тіпті қолды да жуа алмаймыз. Бау-бақшаны суаратын да су жоқ. Қысты күні су мүлдем болған жоқ.

Әкімдік өкілдері судың тапшылығын әдеттегі себеппен байланыстырады. Яғни көбі бау-бақшаны суарған кезде бас жағындағы 15-20 үйге ғана су жетпейді деген пікірде. Ал іс жүзінде жағдай мүлде басқа болып шықты.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Бұл Тасауылдың ең төменгі беті. Қалай екені белгісіз 27 млн-ға салынған жоба бойынша скважина ауылдың ең төменгі бетінде орналасқан. Негізі жауапты мамандар: «200-ден астам адамның тек 20-сына су жетпейді», -дейді. Бірақ біз эксперимент үшін ауылдың ең бірінші тұрған үйіне келгенбіз. Мұндағы жағдайда мәз емес. Осындағы тұрғындар 2 айдан бері ауызсудан таршылық көріп отырғандарын айтады.

Аудан әкімдігі ауыл басшысының бюджеттік өтінім жібергенін айтады. «Аталған жұмыстарды биылдан қалдырмай шешеміз», - деп сендірді.

Арман Дардақов, Бұқар Жырау Ауданы Әкімінің Орынбасары

- Қазір 15 кубтық мұнара тұр, енді оның көлемін көбейтіп, 20 куб етсек, су мәселесі шешілетін шығар. Қаражат бөлінеді, сосын қыс басталғанша бұл мәселе шешілетін шығар деп жоспарлап отырмыз.

Тасауылда қазір 66 үй, 250-ден астам тұрғын бар. Аудан билігі қатқан құбырды қалпына келтіру үшін тағы 9 млн теңгеге тендер жариялапты. Нәтижесі әлі белгісіз. Салдарынан ауыл тұрғындары биыл ауызсуға қолы жетеріне күмәнмен қарап отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Зарина Зұлпыхар

Сондай-ақ...