Хабар телеарнасы

Қайназарлықтар заңсыз салынған зауыттардың жұмысын тоқтата алмай әлек

Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылындағы зауыттың бірі тұрғын үйлерге жақын жұмыс істесе, екіншісі зират жанындағы топырақтан кірпіш өндірген. Ауыл тұрғындары құзырлы органдарға талай арызданып, зауыттардың жұмысын тоқтата алмауда.

Қайназарлықтардың шыдамы шегіне жетті. Тау бөктеріндегі ауылдың сары топырағына қызыққан кәсіпкерлер заңды белшесінен басып, кірпіш зауыттарын салып алған. Кәсіпорын санитарлық аумақты сақтамай тұрғын үйлерге жақын орналасыпты. Оған қоса құрылыс нысандары құзырлы органдардың рұқсатынсыз салынған екен. «Заңды белшесінен басқан кәсіпорынның жұмысы істеуі де заңсыз», - дейді жұрт. 

Нұржан Сағидоллаұлы, Қайназар ауылының тұрғыны:

- Қарашадан бері билікпен, халықпен ақылдаспай санитарлық аймақта өз білгенінше құрылысты жалғастыра берген. Аудан әкімі келіп ескертсе де, жалғастыра берген. Қазір бұл жерде архитектураның бекітуі бойынша беске жуық заңсыз салынған ғимарат бар. Соның ішінде кірпіш зауыты, оның кептіретіні, қалып құятын орны, цехы тура ауылдың ішіне кіріп тұр.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, аталған кірпіш зауыттарының шаңы адамдардың денсаулығына кері әсер етуде. Ауылда аллергия, демікпе аурулары жиілеп, тұрғындардың денсаулығы сыр бере бастаған. «Экологиялық проблеманы құзырлы органдар көрсе де, шара қолданбай отыр», - дейді. 

Келгенбай Тұяқов, Қайназар ауылының тұрғыны:

- Ауылдың балалары мен үлкендерінде аллергия көбейіп кетті. Аллергияны есепте тұрғызбайды. Оның арты демікпеге айналып кетуі мүмкін, оны дәрігерлер біледі. 

Облыс әкімдігі тұрғындардың арызын қарастырып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, халық айтқан кірпіш зауытына қатысты заңбұзушылықтарды анықтап: «Құжаттарды сотқа жібереміз», - деп уәде берді. 

Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Тұрғындардың арыз-шағымы негізінде және мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының жүргізген тексеруі нәтижесінде заңсыз салынған нысандар анықталды. Алдыңғы сот шешімі де бар. Басқа нысандарға да осындай құжаттар жиналып жатыр. Алдағы уақытта бұлардың барлығы сүріледі.

Қайназарлықтар осыған дейін зират жанындағы карьерді мақсаттан тыс пайдаланып, кірпіш зауытын салып алған кәсіпкердің заңсыздығын сотта дәлелдеген.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Заңсыз кірпіш зауытының жұмысы сот шешімімен тоқтатылды. Алайда 6 жылдан бері жерді мақсатынан тыс пайдаланып келген кәсіпкерге карьерді қайтарып бергені үшін халық наразы.

Қайназар ауылы жанында тағы екі кірпіш зауыты бар. Олардың қаншалықты заңды немесе заңсыз жұмыс істеп тұрғаны, санитарлық аумақтың сақталу нормасы алдағы уақытта тексерілмек. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев