01:00Эфирде: ҚР Әнұраны
05:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Елордада жол сапасы қашан түзеледі?

  • Категория: Қоғам
Елордада жол сапасы қашан түзеледі?

Осыдан екі апта бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жолдың сапасына біраз сын айтты.

Басқасы басқа, бас қаланың жолын құрақ көрпеге теңеген. Шынымен, елорданың еңселі ғимараттарына қарап тамсанасың, сосын күре жолына қарап қынжыласың. Президенттің өзі жолда жемқорлық көп деген. Дегенмен елорданың жолына жауаптылар мәселе тек мұнда емес деп отыр.

Бұл – бұрынғы Ильинка, қазіргі Үркер – елорданың еншісіне қарайтын шағын аудан. Қуаныш Қосжанов осында қоныс аударғанда бас қалада тұрам деп қуанған. Бірақ он жылдан асты, жол азабын тартып жүр. Жалғыз көше, адам да, көлік те осының бойында.

Қуаныш Қосжанов, «Үркер» шағын ауданының тұрғыны:        

- Тротуар жоқ, жолдың бойынан балалар келе жатады. Қағылып, аяғы сынып жатқан балалар, оқушылар, үлкен кісілер өте көп.

Тұрғындардың толассыз шағымынан соң, жолды осы аптада жөндеп бастапты. Бірақ...

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Бұл жолдың жайын айтқанда шарасыздан езу тартасың. Ұзын жол, шамамен 1200 метр. Енді қараңыз, соның 500 метрін бір компания істеген, қалған 700-ін басқа компания жөндеу жұмысын жасайды. Екі түрлі компания, бірақ ортақ бір нәрсе бар. Екеуінің де жұмысына тұрғындардың көңілі толмай отыр.

Қуаныш Қосжанов, «Үркер» шағын ауданының тұрғыны:        

- Осының бәрін толығымен бір компания салуы керек. Неге бәрін бөліп-бөліп тастаған? Мұның бәрі ақша жеудің амалы. Бізге басқа ой келмейді.

Ал бұл – Бағлан Баймағамбетов. Жол төсеуде тәжірибесі мол маман. «Жолшылардың бәрі жемқорлар» деген пікірмен мүлдем келіспейді. Оның ойынша, Қазақстанда жолды салуға, ұстап тұруға ақша тым аз бөлінеді.

Бағлан Баймағамбетов, «Қазақстанның автожолшылар қауымдастығы» ЗТБ президенті:

- Қазір жолшылардың бәрі ұры, қары деп ойлайды. Қазіргі жол салып жатқан тарифтеріміздің бағасы өте төмен. ТМД, Ресейден үш есе, төрт есе төмен. Сапалы жол салу қиын. Шетелде 1 км – 10 млн доллар, ал бізде – 2 млн доллар. Ал енді сапасын салыстырып көріңіз.

Ал бұл – жолдың сапасын тексеретін орталық. Жазда мұнда жұмыс қыза түседі. Қызметкерлер салынған жолдан сынама алады, осындағы зертханаға әкеледі, талапқа сай не сай еместігін тексереді. 

Мұрат Түркістанов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры:

- Биылғы жылы осы уақытқа дейін 145 шығу болды, оның ішінде 445 материал алынды. Оның 27% талаптарға сай келмей қалды. «Сапасыз» деп айтқанға келіспеймін. Бірақ оған көп факторлар әсер етеді. Сол факторлардың бірі, мысалы, бізде күннен-күнге қозғалыстың қарқыны өсіп келе жатыр.  

«Көбіне жол құрылысына мердігерлер сапасыз материалдарды пайдаланады», – дейді Мұрат Түркістанов. Жалпы бізге сапалы жол салуға ештеңе қолбайлау емес. Қиыршық тас бар, топырақ жетеді. Битум да біздікі. Тек төселген жолдың төзімсіздігінің бір себебін мамандар осы отандық битумнен көреді.

Бағлан Баймағамбетов, «Қазақстанның автожолшылар қауымдастығы» ЗТБ президенті:

- Битумды дұрыстамай, біздер жолды жөндей алмаймыз. Зауыттан баяғы ГОСТ-пен шығарып жатыр. Ал ГОСТ сәйкес келмейді. Зауыттар соған көңіл аудармай отыр.

Жалпы Нұр-Сұлтанда барлығы 868 шақырым болатын, 1 029 көше бар. Қалалық әкімдік соның 90% сапасы қанағаттанарлық, тек 10% ғана жөндеуді талап етеді деп отыр.

Елдос Өмірсадық, Нұр-Сұлтан қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- 90% жақсы, 767 шақырым, 80 шақырым – көңіл бөлетіні. Жолды жөндеп, жаңадан салуға қалалық бюджеттен мөлшері 10 млрд ақша бөлінеді.

Суағарлар жоқ, битум нашар, ауыр көліктер көп жүреді. Сапасыз жолдың себебін анықтай берсеңіз, осылай суырылып шыға береді. Себебі көп, ал салдары біреу-ақ. Жолдың жайын қарапайым халықтан сұрасақ: «бөлінген ақшаны соған жауаптылардың өзі бөліп алатыны анық», – дейді, мұнымен Президент те келіседі. Ал Антикор: «Жол құрылысындағы жемқорлыққа қатысты барлық ірі мердігерлер мен олардың артында кім тұрғанын біліп отырмыз», – дейді. Біледі, бірақ айтпайды. Қызық...

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Аманжол Байғазин, Тоқтар Терлікбаев

Сондай-ақ...