Хабар телеарнасы

Ақтөбелік өнертапқыш өз қолымен автокөлік құрастырды

Еліміздің батысынан шыққан бір топ электромобиль Алматыға дейін автошеру ұйымдастырған. Көліктердің барлығын иелерінің өздері құрастырыпты.

Бала күнінен түрлі техникаға әуес өскен Владимир Силевич: «Өз қолымен автокөлік құрастыруды біраздан бері ойлап жүрдім», – дейді. Арманын жүзеге асыруға өзі сияқты өнертапқышты кездестіру мұрындық болған. Электромобильмен саяхаттап жүрген блогердің ақыл-кеңесін тыңдап іске кірісіпті. Алғашында шанағын тақтайдан құрап шыққан. Сол макетті үлгі етіп, 2 ай ішінде үш дөңгелекті көлікті құрастырған.

Владимир Силевич, өнертапқыш:

- Электр қозғалтқышты Қытайдан тапсырыс беріп алдырдым. Мұндай қозғалтқыштар заманауи электрмотоциклдер мен квадрациклдерге орнатылады. Аккумулятор батареясын Санкт-Петербордан алдырдым. Күнкөліктің алдыңғы аспасы «Жигули» автокөлігінен, «Volkswagen» көлігінің қосалқы дөңгелектерін орнаттым. Артында мотоциклдің шынжырлы дөңгелегі бар. 

Владимир Силевич көлігінің қауқарын көпкүндік автошеруде сынап көрген. Қазақстан мен Ресейден жиналған бір топ өнертапқыш күн қуатымен қозғалатын автомобильмен Оралдан Алматыға дейін жүріп өтті. Күніне шамамен 150 шақырымды артқа тастап, еліміздің батысынан оңтүстік-шығысына дейін 3 аптада жеткен.

Владимир Силевич, өнертапқыш:

- Ұялы телефонымда арнайы қосымша бар. Сол арқылы аккумулятордың жай-күйін бақылап отырамын. Мәселен, батареяның сыйымдылығы, күн панельдерінен келіп тұрған қуат көлемін көруге болады. Тіпті бір рет қуат алғаннан кейін қанша шақырым жол жүруге болатынын да есептеуге болады. 

Автокеруенге қосылар алдында Владимир Силевич көліктің қуатын арттыру үшін қосымша күн панельдеріне тапсырыс берген. Алайда қосалқы бөлшектер Ақтөбеге оралғаннан кейін ғана қолына тиіпті. Қазір қайта жарақталған электромобиль 200 шақырымды тоқтаусыз еңсере алады. Мұндай көлікпен жүруге Қазақстан төңірегінде ешқандай шектеу жоқ.

Владимир Силевич, өнертапқыш:

- Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы заңының 64-бабында мемлекеттік тіркеуге алынатын көлік түрлері анық көрсетілген. Жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын мотоцикл, квадрациклдер есепке алынуы тиіс. Ал менің көлігім сияқты жылдамдығы сағатына 40-45 шақырымнан аспайтын техникаға ешқандай тіркеудің қажеті жоқ.

Ақтөбелік өнертапқыш келер жылғы автошеруге де қатысуды жоспарлап отыр. Ол үшін жаңа көлік құрастыруды көздейді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков