Хабар телеарнасы

Ақсай қаласында қоқыс мәселесі шешімін тапты

Бұған қатысты арнамыздан сыни бейнематериалдар көрсеткен едік. Тұрғындар жағдай реттеле бастағанын айтады. Шаһар тазалығын сақтау міндеті басқа коммуналдық кәсіп-орынға жүктеліпті. Әйткенмен енді қызмет ақысы өсуі мүмкін. Өйткені жаңа компания өкілдері қолданыстағы тариф бағасы тиімсіз екенін алға тартып отыр.

Бұл – қаланың былтырғы көрінісі. Көше қоқысқа толы. Ал қалдықтарды салатын жәшіктердің маңайы тау болып жатыр. Жыл бойы осындай жағдай.  

Ал биыл не өзгергенін көзбен көруге қайта келдік. Бұл жолы шаһардың едәуір тазарғаны байқалады. Тұрғындардан да шағым ести қоймадық.

Жергілікті қауымдастықтың ұсынысы негізінде әкімдік пен коммуналдық кәсіпорын арасындағы келісімшарт бұзылған. Көп ұзамай, жаңа компания жұмысқа кірісіпті. Шаһар бюджеті есебінен оларға 260 контейнер сатып алынған.

Телман Бекмағанбетов, коммуналдық кәсіпорынның директоры:

- Келген кезде қала біршама уақыт ластау болды. Тазарту үшін техника жалдадық. Күніне 10-12 адам жүреді.  

Айта кету керек, бірер жыл бұрын қалада құдық үлгісіндегі ең қымбат контейнерлер орнатылған еді. Олардың саны елуге таяу. Әрқайсысының сыйымдылығы жүз тонна шамасында. Алайда миллиондаған қаражат ақыр аяғы желге ұшты. Өйткені екі кәсіпорынның да оны қолданатын арнайы техникасы болмай шықты.

Бекболат Ғұбаев, Ақсай қаласы әкімінің орынбасары:

- Контейнерлер қойылды. Оған бір техника емес, екі техника және тиегіш керек. Сонымен қатар қосымша 2-3 адам керек. Қызмет көрсететін мекемеге қиын болып тұр. Сондықтан жаптық.  

Жаңа компания тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын сенімгерлік басқаруға алған. Енді қоқыс алаңында өрт шықпауын қадағалау қажет. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптауы тиіс. Кәсіпорын басшысы қос бірдей міндетті қатар алып жүру қомақты қаражатты талап ететінін айтады. Қалада шамамен 40 мыңға жуық абонент бар. Қолданыстағы тариф жан басына 200 теңгеден. «Ал бұл баға тиімсіз», – дейді компания басшысы. Сондықтан ол қызметақысын көтеруді ұсынады.

Телман Бекмағанбетов, коммуналдық кәсіпорынның директоры:

- Ол тариф 3-4 жыл бұрын орнатылған. Қазіргі бағамен ол сәйкес келмейді. Соған қарамастан жұмыс жасауды бастадық. Көбісі аз төлеу үшін тіркеуге бір адам деп көрсетеді. Бізге ауыртпашылығын тигізуі мүмкін. Кәсіпкерлік нысандар басқа тарифпен төлейді.  

Әзірге ұсыныс еш жерге ресми жолданбаған. Әйткенмен тұрғындар қазірден-ақ тариф бағасын өсіруге үзілді-кесілді қарсы. Олар ажары кіре бастаған Ақсайда енді бағаның шарықтай бастағанын қаламайды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарывлғасов, Елдар Аюпов